Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері ауыр жағдайда дүниеге келген сәбидің өмірін сақтап қалды. Қыз бала жүктіліктің 31-аптасында небәрі 990 грамм салмақпен туған. Анасы мен қызы 101 күндік емнен кейін үйіне шығуға дайындалып жатыр, делінген әкімдіктің хабарламасында.
Жүкті әйел перинаталдық орталыққа ауыр преэклампсия жағдайында шұғыл жеткізілген. Анасы мен баланың өміріне қауіп төнгендіктен, дәрігерлер дереу кесар тілігі отасын жасаған. Қыз бала жүктіліктің 31-аптасында құрсақішілік даму тежелуімен дүниеге келді. Туған кездегі салмағы 990 грамм, бойы 31 сантиметр болған.
Сәби өмірінің алғашқы минуттарынан бастап қарқынды емдеуді қажет етті. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде жатты. Оның 56 тәулігі өкпені жасанды желдету аппаратында, тағы 15 күні СИПАП терапиясында өтті. Нәрестенің кеуде қуысына сұйықтық жиналып, неонаталдық хирургпен бірлесіп қосымша ем жүргізуге тура келген. Бұған қоса, қыз бала бронхөкпе дисплазиясына байланысты ем қабылдады.
"Дәрігерлер мен мейіргерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы күресті. Медицина мамандарының кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында оның жағдайы біртіндеп жақсарды. Өмірінің 101-күні қыз баланың салмағы 2 523 грамға жетті. Енді анасы мен қызы көптен күткен үйге шығуға дайындалып жатыр. Көзіне жас алған ана орталық басшылығына, дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне олардың өмірін сақтап қалғаны, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді", – делінген хабарламада.
Медицина мамандары үшін бұдан асқан марапат жоқ: 101 күндік күрестен кейін ана мен қыз аман-есен бірге үйіне оралады.