12 желтоқсанда Астанада бастауыш сынып мұғалімдері арасында "Зияткер ұстаз" республикалық шахмат турнирі өтті. Қазақстанның 20 өңірінен 130-дан астам педагог 2 млн теңге жүлде қоры үшін бақ сынасты. Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған бұл турнир – бастауыш сынып мұғалімдерін қолдауға, олардың кәсіби және интеллектуалды дамуын ынталандыруға, сондай-ақ мұғалімнің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған.
Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов турнирдің маңыздылығын атап өтті.
"Бұл тек жарыс емес, шахматқа деген сүйіспеншілік пен педагогикалық миссия үйлесім тапқан ерекше алаң. Турнир жаңа идеялар мен шабыт көзіне айналып, елдегі мыңдаған оқушылардың дамуы мен білімін шыңдауына әсер ететіне сенім мол. Аталмыш турнир бастауыш сынып мұғалімдерінің интеллектуалды әлеуетін ашады және балалардың негізгі білім мен дағдыларын қалыптастырудағы ұстаздардың еңбегін айқын көрсетеді. Шара педагогтарға тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берумен қатар, білім беру жүйесінде шахматты кешенді дамыту жоспарын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді", – деді ол.
Күрделі әрі интеллектуалды байқау қорытындысы бойынша турнир жеңімпаздары:
- 1-орын – Кенжегалиева Гүлбаршын (Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау жалпы орта мектебі);
- 2-орын – Джумадилова Айгерім (Шымкент қаласы, Т. Рыскулов атындағы №25 мектеп-гимназиясы);
- 3-орын – Есенбаева Жұлдыз (Алматы қаласы, №185 мектеп-гимназиясы).
Оқи отырыңыз: Үндістанда үй шаруасындағы 118 млн әйелге тұрақты "жалақы" беріле бастады
Мұғалімдердің шеберлік деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанына турнир жеңімпазының оқиғасы айқын дәлел. Өткен жылы үздік ондыққа кіріп, 8-орынды Гүлбаршын Кенжегалиева араға бір жыл салып, айқын басымдылықпен жеңіс тұғырынан көрінді.
"Қуанышым шексіз. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Уайым, қобалжу, қорқыныштан бастап қуанышқа дейін, әртүрлі эмоцияларды бастан өткіздік. Мұғалімдерге көңіл бөліп, дамуымызға мүмкіндік беріп жатқан жоба ұйымдастырушыларына рахмет. Жалпы шахматтың өмірде де, жұмыста да пайдасы зор. Бір-бірін сыйлау, эмоцияны басқару, шапшаң ойлап, нақты қадам жасауға бейімдейді. Және осы қасиеттерді қазірде оқушыларға да сіңіріп жатырмыз", – деді Гүлбаршын Кенжегалиева.
Бүгінде шахмат Қазақстан білім беру жүйесінде күннен-күнге маңызды рөл атқаруда. ҚР Үкіметінің кешенді жоспары аясында елдегі 1500-ден астам мектептің оқу бағдарламасына "Шахмат негіздері" пәні енгізілген, ал 60 мыңнан астам оқушы арнайы дайындық курстарынан өткен мұғалімдер жетекшілігімен стратегиялық ойлауды дамытуда. Балалардың интеллектуалды ойын түріне қызығушылығы өсіп келе жатқанын ескерсек, осы білімнің негізгі тасымалдаушысы – ұстаздарды қолдау, қолпаштау аса маңызды.
Шахматты дамытудың маңыздылығын Мемлекет басшысы да атап өтті. 28 қарашада Ақордада Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворковичпен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда шахмат тек спорт қана емес, сонымен қатар интеллектуалды мәдениет, тәрбие және білім беру жүйесінің маңызды бөлігі екенін, сондай-ақ шахмат инфрақұрылымын дамыту мен оны балалар мен жастар арасында насихаттау қажеттілігін атап өтті.
USD:
516.5 / 519.1
EUR:
606.0 / 611.0
RUB:
6.45 / 6.57