Қырғызстанда ата-ананың тегін дефис арқылы біріктіріп, балаларға қосарланған фамилия беру мүмкіндігін заңдастыру ұсынылды. Алайда заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған бойда қоғамда қызу пікірталасқа себеп болды, деп жазды 24.kg. Шежірешілер қауымдастығы мен ақсақалдар бастаманың қырғыз халқының дәстүрлі құндылықтарына және "жеті ата" институтына кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.
Еске салайық, 17 маусымда қоғамдық талқылауға "Азаматтық хал актілері туралы" заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы ұсынылды. Құжатқа сәйкес, ата-аналар өзара келісім бойынша балаға әкесі мен анасының фамилиясын дефис арқылы біріктіріп, кез келген ретпен қосарланған фамилия бере алады. Заң жобасын әзірлеушілер қазіргі заңнамада қосарланған фамилияларды ресми тіркеуге мүмкіндік қарастырылмағанын атап өтті. Сонымен бірге Отбасы кодексінде өзге этнос өкілдерінің ұлттық дәстүрлерін ескеру мүмкіндігі бар.
Шежірешілер қауымдастығының өкілдері мен өңірлердегі ақсақалдар бұл бастаманы қырғыз халқының ұлттық болмысына және әке жағынан тарайтын жеті ата дәстүріне төнген қауіп деп бағалады. Қоғамдық шежіре академиясының мүшесі Замирбек Жумагулов заң жобасына қарсылығын ресми түрде Жогорку Кеңешке жолдаған. Оның айтуынша, бұл бастама ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді әлсіретіп, халықтың тарихи тамырына нұқсан келтіруі мүмкін. Қырғыз қоғамында ата-текті әке жағынан тарату дәстүрі ұлттың сақталуына ықпал еткен маңызды құндылықтардың бірі саналады. Сондықтан қосарланған фамилияларды заңдастыру "жеті ата" жүйесін әлсіретіп, генеалогиялық шежірелерді күрделендіреді деген қауіп бар.
Дегенмен, заң жобасының авторларының бірі, депутат Дастан Бекешев айтылған сындарды негізсіз деп есептейді. Оның айтуынша, бастама ең алдымен Қырғызстанда тұратын өзге этнос өкілдерінің құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған және қырғыз халқына қатысты емес.
Депутаттың сөзінше, заң жобасын әзірлеуге нақты өмірлік жағдай себеп болған. Өзінде қосарланған фамилиясы бар азаматша әкесінің тегін келесі ұрпаққа жеткізу үшін балаларына жұбайының фамилиясына қоса өзінің әкесінің тегін бергісі келген. Алайда қазіргі заңдағы шектеулер оған мүмкіндік бермейді.
"Бұл норма қырғыздарға қатысты емес. Қажет болса, заңда оны нақты көрсетеміз. Мұның "жеті ата" дәстүріне ешқандай қатысы жоқ. Кейде жоқ жерден үлкен мәселе жасап жібереміз", – деді Дастан Бекешев.
