Алматыда көктайғақтың алдын алу үшін 900 техника мен 2500 жұмысшы жұмылдырылды

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда жолдарды тазалау жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Алматыда кейінгі тәулікте шамамен 20 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл – қараша айына арналған айлық норманың жартысына тең, деп хабарлады Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.

Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көшелерді қар мен сулы қардан тазарту және көктайғақтың алдын алу жұмыстары 4 қараша күні сағат 20:00-де басталған. Осы уақыт ішінде магистральдар екі рет тазартылып, жолдарға көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар себілді.

Әсіресе көпірлер, жолайырықтар, өрлер мен жаяу жүргіншілер өткелдері ерекше бақылауға алынған.

Қазіргі таңда жұмысқа 900-ден астам арнайы техника және 2 500-ден астам қызметкер, соның ішінде кезекші және патрульдік бригадалар тартылған. Тазалау барысында құм себетін машиналар, сыпырғыш техникалар және тиегіштер қолданылып жатыр.

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты таулы аймақтарда көктайғақ байқалған. "Алматы Тазалық" және мердігер ұйымдар тайғақ учаскелерге арнайы қоспа сеуіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

Жол мен тротуарды тазалау жұмыстары тәулік бойы жалғасады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары