20 қазанда Алматыдағы Академқалашық, яғни Әл-Фараби даңғылы бойындағы 75, 77, 79, 81, 83, 85 үйлердің тұрғындары даңғыл бойында бой көтеретін жаңа ғимараттың құрылысына қарсы шыққан болатын.
Тұрғындардың бастамашыл тобының уәжі бойынша, бұл жоба қала құрылысы, экологиялық және сейсмикалық талаптарға қайшы. Біріншіден, ғимарат бой көтеретін жер учаскесі тектоникалық қауіпті аймақта орналасқан болса, екіншіден оны салу үшін жасыл желек оталады және биік ғимарат ауа ағынына тосқауыл болады. Осындай уәждерін алға тартқан бастамашыл топ президент атына үндеу жолдаған еді.
Бүгін жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырған "SABA GROUP" ЖШС құрылыс компаниясының басшылығы брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Құрылыс компаниясының басшысы Ілияс Карбозов бастамашыл топтың уәждері шындыққа жанаспайтынын алға тартып, жалған ақпарат тарап жатқанын айтты. Оның сөзінше, тұрғындардың өтініштеріне байланысты құрылыс жобасына өзгерістер енгізілген. Мәселен, бұл жерде қаланың бас жоспарына сәйкес, қонақүй мен бизнес орталық салынатын болса, тұрғынүйлердің қасбетін жауып тастамас үшін орталықтың қабат саны бесеумен шектелген. Ал сол жақта орналасқан қонақүй тоғыз қабатты болады, ол үйлердің беткі келбетін жаппайды.
"Ғимараттар жобасы қаланың ауа ағына тосқауыл емес, ол ауа ағынының аэрациясы ескеріле отырып жасалған. Сондай-ақ, құрылыс алаңы ешқандай техтоникалық қауіпті аймақта орналаспаған. Мұндай аймақ бұл жер учаскесінен жарты шақырымға жуық жерде ғана бар. Тағылған тағы бір айып – тұрғындардың аялдамаға апаратын жолын жабуға қатысты болса, бұл да шындыққа жанаспайды. Жол ешқалай өзгермейді", – деді Ілияс Карбозов.
Жоба эскиздерімен және жоспарларымен таныстырған ол тұрғындармен алдын ала кездесулер өткізіліп, олардың өтініштеріне құлақ асқандарын да айтты. Мәселен, академқалашықта студенттерге қажет ойын-сауық орталықтары жоқ.
"Бұл тұрғын үйлерде студенттер көп тұратын болғандықтан және тұрғындардың өтінішін ескере отырып, қонақүйдің батыс бөлігінен коворкинг не асхана салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, серуенге арналған жасыл желек алқабы болады", – деді Ілияс Карбозов.
Дегенмен, ол ғимарат салу үшін жасыл желек оталатынын жоққа шығармады. Шамамен 400 ағаш пен бұта оталады. Бірақ, компания оның орнына он есе көп, яғни, 4 мың ағаш пен бұта егуді жоспарлап отыр.
Ілияс Карбозовтың айтуынша, енді өзгерістер енгізілген жаңа жоба сараптамадан өтуі тиіс. Сәтті өткен жағдайда, құрылыс 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында басталып, 1,5 жылға созылады. Оны жүзеге асыруға жергілікті және шетелдік инвесторлар тартылмақ.
"Бұл нысан жаңа жұмыс орындарын құрып, бюджетке салық түсімдерін арттырады. Оған қоса, Алматыға туристердің келуіне де оң ықпалын тигізеді", – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов осы мәселеге қатысты ҚазТАГ сұрағына жауап беріп, түсініктеме берген болатын.
"Бұл нысан біздің барлық қала құрылысы құжаттарымызға сәйкес келеді. Оның заңдылығына әзірге күмән жоқ. Дегенмен, олар бізге барлық құжаттарын толық алып келген жоқ. Олардың бұл жобаны іске асыруға қажетті рұқсат құжаттары бар, олар біздің бас жоспарымызға сай келеді. Онда кеңселер мен қонақүй болады. Тұрғын үй салынбайды, оған біз жол бермейміз. Дегенмен, біз құрылыс компаниясынан жобаға қатысты жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының мақұлдауын алуды сұрадық. Өйткені, тұрғындарды бұрынғы жайлы жағдайынан айыруға болмайды. Осы мақсатта да біз ғимараттың қабатының санын азайтуға, тығыздығын азайтуға қол жеткіздік. Тұрғындардың пікірі мен біздің талаптарымызды ескере отырып, бұл жоба жүзеге асырылуға лайық деп ойлаймыз", – деп жауап берді Бейбіт Шаханов.
USD:
516.7 / 519.3
EUR:
606.0 / 610.0
RUB:
6.35 / 6.47