Блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Оларға қатысты тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша жүргізілген, деп хабарлайды ҚМА.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
"2025 жылы онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Ол "курстарды" сатып алғандар қымбат сыйлықтар ұтысына қатысатын болған. Таратылған бейнематериалдың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған", – делінген ақпаратта.
Жүлде қоры жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеп қатысқандардың ақшасы есебінен қалыптастырылған. Тергеу барысында электронды "сәттілік барабаны" параметрлерін өзгерту фактілері анықталған. Нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
"Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған. Нәтижесінде азаматтардан Zhana Business ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға салынған", – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.