Тікелей эфир

"LRT мен BRT салынады". Алматыдағы кептеліс қалай шешіледі?

Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылы Алматы халқы қазіргі 2,2 млн адамнан 2,5 млн-ға дейін көбейеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мегаполис әкімі Ерболат Досаев биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Алматы қаласының көлік жүйесі тиімділігін арттыру үшін әкімдік Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында көзделген 5 жаңа полиорталығының дамуын ескеріп, қаланың көлік қаңқасын әзірлеп жатыр. Болашақ көлік қаңқасының негізі халықтың 75%-ы үшін жаяу жүргіншіге қолжетімді жылдам қоғамдық көлік – метро, LRT және BRT болады. Бұл жолаушылардың қозғалыс жылдамдығын 20-30%-ға арттыруға мүмкіндік береді", –  деді Ерболат Досаев.

Соның нәтижесінде қарбалас шақта қозғалыс аралығын қазіргі 30 минуттан 5-10 минутқа дейін төмендету жоспарға енген. Шебер жоспар биыл желтоқсанда қабылданады.


Оқи отырыңыз: "Ақылды" бағдаршамдар Алматыдағы көлік кептелісін азайта ма?


Бұған қоса, қалалық қоғамдық көлікпен интеграциялау және қалаға кіретін автокөлікке шектеу қою үшін полиорталықты ескере отырып, 3 көлік-ауыстырып мінгізу торабына жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұл 2026 жылға дейін қалаға кіретін көлікті 120 мың бірлікке дейін қысқартуға жол ашады.

Серіктестер жаңалықтары