Қазақстанда ұлттық валюта – теңге қолданысқа енген күннен бастап қағаз ақшаның дизайны бірнеше рет өзгерді. Ең алғаш 1993 жылы басылған "Портреттер" айналымында Қазақстан тарихында аты қалған тұлғалар бейнеленді. Одан кейін "әл-Фараби" сериясы шықты. Портреттік серияға әл-Фарабиден кейін тек Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі енді.
Informburo 1993 жылдан бері тарихи тұлғалар басылған қағаз ақшаларды оқырман назарына ұсынады.
"Портреттер" сериясы
1 теңге – әл-Фараби
Әбу Насыр Әл-Фараби әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. “Әлемнің екінші ұстазы” атанған ғұлама.
3 теңге – Сүйінбай
Сүйінбай Аронұлы – әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы.
Оқи отырыңыз: Тест: Теңгенің тарихын жақсы білесіз бе?
5 теңге – Құрманғазы
Құрманғазы Сағырбайұлы – қазақтың ұлы күйші-композиторы. "Адай", "Балбырауын", "Сарыарқа" сынды атақты күйлердің авторы.
10 теңге – Шоқан Уәлиханов
Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы.
20 теңге – Абай
Абай Құнанбайұлы – ұлы ақын, философ, аудармашы, композитор, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы.
50 теңге – Әбілқайыр хан
Әбілқайыр – 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы. Соғыстарда батырлығымен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды. Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы.
Оқи отырыңыз: 4,7-ден 467 теңгеге дейін: 29 жылда доллардың теңгеге шаққандағы курсы қалай өзгерді?
100 теңге – Абылай хан
Абылай хан – 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Абылай хан қазақтың соңғы ханы Кенесарының атасы.
"әл-Фараби" сериясы
1994 жылы әл-Фараби бейнеленген 200 теңге айналымға енді. 2000 және 2002 жылдары номиналдың дизайны өзгерді. 1994 жылдан 2003 жылдары "әл-Фараби" сериясы бойынша 500 теңге, 1 000 теңге, 5 000 теңге және 10 000 теңгелік қағаз ақшалар басып шығарылды.
Нұрсұлтан Назарабаевтың портреті
2016 жылы шыққан портреттік серия Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Мерейтойлық 10 мың теңгелік банкнотаға Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылды. Мерейтойлық ақша 100 мың данамен шықты.
2021 жылдың 1 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шектеулі тиражбен Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 20 мың теңгелік қағаз ақша айналымға енді. Бұл төл валютамызға басылған портреттік серияның соңғы үлгісі. Биыл қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті купюрадан алынып тасталды.
Қағаз ақшалардың суреттері tengrinews.kz, yes-coin.kz, bon.kz сайттарынан алынды.