28-29 қарашада Астана алғаш рет таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалын қабылдайды. Жарысқа алты Олимпиада чемпионы, 13 Олимпиада жүлдегері, 15 әлем чемпионы мен 20 әлем чемпионатының жүлдегері қатысады. Дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Бұл туралы Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық Тамирлан Тілеулес өнер көрсететін 58 келіге дейінгі салмақта соңғы екі Олимпиаданың чемпиондары – оңтүстіккореялық Пак Тэ Джун мен италиялық Вито Делль’Аквила бақ сынайды. Бұл санатта әлем чемпиондары Абольфазл Занди мен Со Ын Су, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Гашим Магомедов те өнер көрсетеді.
68 келіге дейінгі салмақта төрт әлем чемпионы – Нажмиддин Косимхожиев, Марко Голубич, Омар Гергели Салим және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Чан Джун қатысады. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Зайд Карим мен Эдиваль Понтес, биыл Муджу мен Париждегі Гран-при кезеңдерінің жеңімпазы Джинхо Мун жүлдеге таласады.
80 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы, бразилиялық Энрике Маркес өнер көрсетеді. Ал +80 кг санатында Олимпиада чемпиондары Ариан Салими мен Владислав Ларин, әлем чемпиондары Сейф Исса мен Санхён Кан, сондай-ақ италиялық Симоне Алесси бақ сынайды.
Әйелдер арасында 49 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Рита Бакишева қатысады. Оның қарсыластары арасында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Адриана Сересо Иглесиас, 2022 жылғы әлем чемпионы Даниэла Паола Соуза және биылғы үш Гран-при кезеңінің жеңімпаздары Алиса Ангелова, Сяолу Фу мен Цзиньюэ Ма бар.
Қазақстан құрамасынан Париж кезеңінің қола жүлдегері Мария Севостьянова (57 келіге дейін) мен Азия ойындарының қола жүлдегері Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін) да жарысқа қатысады. Севостьянова осы салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы, оңтүстіккореялық Ю-Джин Ким, әлем чемпиондары Мария Клара Пачеко мен Нахид Кияничанде арасында жүлдеге таласады.
67 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы, венгриялық Вивиана Мартон, ал +67 кг санатында әлем чемпионы, бельгиялық Сара Шаари өнер көрсетеді.
Финалда сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде 16 спортшыдан бақ сынайды. G-10 санатындағы турнирде жеңімпазға 100, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерге 36 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына іріктеу кезінде маңызды рөл атқарады.
Чхве Чжунвон Тоқаевқа таэквондодан қара белбеу табыстады
"Жаттығатын орын жоқ". Атырау облысында таэквондодан әлем чемпиондары далада дайындалуға мәжбүр