3 желтоқсанда Kazakhstan Growth Forum қолдауымен жыл сайынғы Social Impact Awards Gala қайырымдылық балы өтеді. Іс-шарада қоғамға пайда әкелетін жобалар мен қайырымдылыққа үлес қосқан азаматтар марапатталып, Qazaq Dream жалпыұлттық байқауының жеңімпаздары жарияланады. Сондай-ақ қайырымдылық аукционы ұйымдастырылады.
Кештің басты оқиғасы – AIQYN сыйлығын табыстау рәсімі. Қазақ тілінен аударғанда "айқын" сөзі ашықтық пен тазалықты білдіреді. Сыйлық әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа үлес қосқан азаматтарға екі номинация бойынша беріледі.
- "Үздік әлеуметтік жоба" номинациясында білім беру, медицина, мәдениет, инклюзия және экология бағыттарындағы бастамалар бағаланады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен қатар, жобаларын дамытуға көмектесетін меценаттармен танысу мүмкіндігіне ие болады.
- "Қайырымдылыққа қосқан жеке үлесі" номинациясы қоғамға ағартушылық, мәдениет, тәлімгерлік, азаматтық бастамалар мен денсаулық сақтау салаларында үлес қосып жүрген азаматтарға арналған.
Жеңімпаздарды қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен мәдениет өкілдерінен құралған қазылар алқасы анықтайды.
"Соңғы жылдарда Қазақстанда қайырымдылыққа деген көзқарастың өзгергенін байқадық. Бір реттік көмектен мәселелерді кешенді шешуге бағытталған жобаларды жүйелі қолдауға көшу жүріп жатыр. AIQYN сыйлығы – айқындық пен адалдықтың символы. Қоғам игілігі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген адамдарға тек мойындау ғана емес, әрі қарай дамуға мүмкіндік беретін ресурс ұсынғымыз келеді", – деді Kazakhstan Growth Forum атқарушы директоры Маржан Меланич.
Кеш аясында өнер туындылары, Қазақстанның танымал мәдениет және спорт қайраткерлерінің естелік заттары, сондай-ақ ерекше әсер сыйлайтын лоттар ұсынылатын қайырымдылық аукционы өтеді. Айта кетейік, 2025 жылы аукционнан 31,5 млн теңге жиналып, жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын LIDER.KZ волонтерлік қозғалысына бағытталған болатын.
Social Impact Awards Gala 2021 жылдан бері кәсіпкерлерді, мәдениет қайраткерлерін және қоғамдық көшбасшыларды қайырымдылық бастамаларын қолдау мақсатында біріктіріп келеді. Осы уақыт ішінде байқауға 18 өңірден шамамен 450 өтінім түсіп, 52 жоба лауреат атанды.