Келіннің сәлем салуын құлшылық немесе табыну деп бағалау дұрыс емес – дінтанушы

Беташар салт-дәстүрі. Фото: ЖИ жасап берді
Беташар салт-дәстүрі. Фото: ЖИ жасап берді
Олжас Нарымбетов әрбір әрекеттің астарындағы ниет пен тәрбиелік мәнді ескермей, біржақты пікір білдірудің дұрыс еместігін түсіндірді.

Келіннің сәлем салуы, беташар немесе жеті шелпек тарату дінге қайшы ма? Қызылорда облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" аға маманы Олжас Нарымбетов kazislam.kz порталына берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді. Маман діни терминдерді орынсыз қолданудың қаупін түсіндіріп, ұлттық салт-дәстүрден ажыраудың соңы қандай әлеуметтік салдарға әкелетінін айтты.

Діни терминдерді орынсыз қолданудың қаупі

Маман қоғамдағы кейбір жөн-жоралғыларға байланысты айтылатын ауыр айыптауларға тоқталып, діни ұғымдардың мағынасын нақты ажыратып алу қажеттігін айтты. Ол әрбір әрекеттің астарындағы ниет пен тәрбиелік мәнді ескермей, біржақты пікір білдірудің дұрыс еместігін түсіндірді.

"Мұнда ең алдымен діни терминдерді орынсыз қолдану мәселесіне назар аударуымыз қажет. "Ширк" – Аллаға серік қосу деген өте ауыр діни ұғым. Ал "бидғат" исламдық ілімде дінге кейіннен енгізілген жаңалықтарға қатысты қолданылатын термин. Оларды кез келген ұнамаған салтқа немесе мәдени құбылысқа қатысты қолдана салуға болмайды. Мысалы, келіннің сәлем салуын алайық. Қазақ қоғамында бұл әрекет үлкенге ізет білдірудің, жаңа түскен келіннің әулетке құрмет көрсетуінің белгісі ретінде қалыптасқан. Мұны бірден құлшылық немесе табыну деп бағалау дұрыс емес. Мұнда ниет пен әрекеттің мәні ескерілуі керек", – деді Олжас Нарымбетов.

Орталық өкілі отбасылық және әлеуметтік мәні бар рәсімдердің табиғатын тарқатып, оларға үстіртін қарауға болмайтынын жеткізді. Ол әрбір салттың халықтық сипаты мен діни негізін саралап, мәселеге біліммен әрі сабырмен қарау керектігін баса айтты.

"Сол сияқты беташар – келінді жаңа отбасымен, әулетпен және ауыл-аймақпен таныстыру рәсімі. Оның әлеуметтік әрі тәрбиелік мазмұны бар. Әрине, беташар барысында айтылатын сөздер мен жасалатын әрекеттердің де әдепке сай болғаны жөн. Жеті шелпек тарату, марқұмға Құран бағыштау, ас беру сияқты жоралғыларға да біржақты үкім айтуға болмайды. Олардың діни негізін, халықтық сипатын және орындалу барысын жеке-жеке қарастыру қажет. Діни мәселеде үстірт пікірден гөрі, терең білім мен байыпты түсіндіру маңызды", – деді маман.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ тойдың тілегі мен астың батасын шатастыратын қарияларды сынға алды


Рухани тамырдан ажыраудың әлеуметтік салдары

Сарапшы ұлттық құндылықтарды теріске шығарудың артында тұрған психологиялық және әлеуметтік өзгерістерге назар аударды. Ол мұндай теріс түсініктердің адамды тек салт-дәстүрден емес, өз ортасы мен отбасынан да алшақтатып, өмірлік бағдарын өзгертетінін ескертті.

"Адамның дүниетанымы оның өскен ортасымен, алған тәрбиесімен, тарихи жадымен тығыз байланысты. Егер оған өзінің ата-бабасынан қалған құндылықтардың бәрі қате, отбасының ұстанымы дұрыс емес, халқының мәдениеті адасушылық деген түсінік сіңірілсе, бірте-бірте өзінің рухани тамырынан алыстай бастайды. Мұндай жағдайда мәселе белгілі бір дәстүрді орындау немесе орындамауда ғана емес. Адамның өзінің қоғамына, отбасына, ата-анасына деген көзқарасы өзгереді. Ол бұрын қадірлеген құндылықтарына күмәнмен қарайды. Тіпті өзін қоршаған ортаны түгелдей теріске шығарып, тек белгілі бір топтың түсінігін ақиқат деп қабылдауы мүмкін. Деструктивті идеологиялардың қауіптілігі де осында. Олар адамның сенімін ғана емес, дүниетанымын, әлеуметтік байланыстарын, өмірлік бағдарын өзгертуге ұмтылады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жоққа шығару мәселесіне тек мәдени немесе діни дау ретінде қарауға болмайды. Оның әлеуметтік және психологиялық салдары да бар", – деді Олжас Нарымбетов.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау