Тура 29 жыл бұрын, 1993 жылы 15 қарашада теңге қолданысқа енгізілген кезде 1 доллардың бағамы 4 теңге 70 тиын деп белгіленген болатын. Бүгінгі, яғни 2022 жылдың 15 қарашасындағы жағдай бойынша доллардың теңгеге шаққандағы ресми бағамы 467 теңгені құрайды. Арифметикалық есептеу бойынша, 29 жылда доллар құны 99 есе өскен.
Теңге тарихына шолу жасасақ, теңгенің алғашқы құнсыздануы 1994 жылдың басында-ақ болды. Бұл уақытта теңге шамамен 12 есе құнсызданып, бір доллардың бағасы 54 теңгеден асқан болатын.
Бұдан кейін де ұлттық валюта бірнеше рет қатты құлдырады:
- 1999 жылы сәуірде теңге құны бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, елде бірінші рет девальвация болды. Теңгенің бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиынға түсті.
- 2002 жылы бір доллардың бағасы 156 теңгеге жуықтады.
- Ал 2003 жылдан бастап теңгенің құны арта бастады. 2007 жылы доллардың құны 120 теңге 30 тиынға дейін түсті.
- 2009 жылы теңге 25 пайызға құнсызданып, екінші девальвация болды. Доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді.
- 2014 жылдың ақпанында елде үшінші девальвация тіркелді. Бұл жолы 1 доллар 185 теңгеге дейін өсті.
- 2015 жылдың тамызында Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімге келді. Нәтижесінде, валюта бір күнде 35,5 пайыз құнсызданып, бір доллар 188-255 теңгеге дейін бағаланды.
- 2019 жылы 1 доллар бағамы 382,75 теңге болды.
- 2020 жылы 1 доллар 424,53 теңгеге өсті.
Оқи отырыңыз: Тест: Теңгенің тарихын жақсы білесіз бе?
2022 жылы наурызда Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан соң Батыс елдері Ресейге санкция салуды бастады. Салдарынан Ресей рублімен бірге Қазақстанның ұлттық валютасы да күрт құнсызданды.