Жүктілік – әйел денсаулығына ерекше күтім мен тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін кезең. Осы уақытта көптеген болашақ аналарды "МӘМС бойынша сақтандырылған мәртебе қажет пе? Жарнаны кім төлейді? Қандай медициналық қызметтер тегін көрсетіледі?" деген сұрақтар жиі мазалайды. Бұл мәселелерге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева түсініктеме берді.
– Ресми жұмыс істейтін жүкті әйелдер жарна төлеуі керек пе?
– Егер әйел ресми түрде жұмыс істесе, МӘМС-ке жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейді. Қызметкердің айлық жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұсталады, ал жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 3% аударады. Жүктілік бойынша демалысқа шыққанға дейін бұл міндеттемелер толық сақталады.
– Жұмыс істемейтін жүкті әйел сақтандыруды қалай алады?
– Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мемлекет жарна төлейтін жеңілдік санатына кіреді. Ол үшін өз емханасына барып, жүктілік бойынша есепке тұру қажет. Дерек жүйеге енгізілгеннен кейін әйелге автоматты түрде "сақтандырылған" мәртебесі беріледі. Бұл жағдайда жарнаны өзі төлемейді.
Оқи отырыңыз: Күніне 11-12 тал шегеді. Дәрігер темекі қандай жазылмайтын ауруға шалдықтыратынын айтты
– Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жүкті әйел жеңілдік санатына жата ма?
– Жеңілдік санаты тек ресми жұмыс істемейтін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жүкті әйелдерге беріледі. Егер әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса және қызметін ресми тоқтатпаған болса, МӘМС-ке ай сайын кәсіпкер ретінде жарна төлеуі тиіс (2025 жылғы мөлшері – 5 950 теңге). "Нөлдік" есеп тапсыру жеңілдік санатына енгізбейді. Жеңілдікке кіру үшін кәсіпкерлік қызметті ресми түрде тоқтату қажет.
– Жеңілдік мәртебесінен неге шығып қалуы мүмкін?
– Жүйеде міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар пайда болған жағдайда әйел "жұмыс істемейтін" санатқа сәйкес келмейді деп есептеліп, жеңілдік мәртебесі автоматты түрде алынып тасталады. Бұл көбіне әйелдердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аударымдар жасауы салдарынан орын алады.
– Жүкті әйелге МӘМС қажет пе?
– Иә. Барлық жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы тиіс. Өйткені жүктілік пен босануға қатысты медициналық көмектің басым бөлігі дәл осы жүйе аясында көрсетіледі.
- Жұмыс істейтін әйелдер – жұмыс берушінің аударымдары есебінен;
- Жеке кәсіпкерлер – өз жарналары арқылы;
- Жұмыс істемейтін әйелдер – мемлекет есебінен сақтандырылады.
– Жүкті әйел қашан және қай жерде есепке тұрады?
– Әйел тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада есепке алынады. Егер басқа өңірден көшіп келсе, жаңа емханаға тіркелуі қажет. Жүктілікті 12 аптаға дейін есепке қою ұсынылады.
– Есепке кім қояды?
– Емханадағы акушер-гинеколог дәрігер жүкті әйелді есепке алады. Қабылдау МӘМС аясында жүргізіледі. Егер әйел сақтандырылмаған болса, жалпы практика дәрігері немесе акушердің қабылдауына ТМККК шеңберінде жүгінуіне болады. Есепке тұрғаннан кейін жұмыс істемейтін жүкті әйел автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіліп, "сақтандырылған" мәртебесіне ие болады.
Оқи отырыңыз: Қол-аяқтың ұйыуы, көру мен естудің нашарлауы. Мидағы қатерлі ісіктің белгілері қандай
– Жүкті әйел емханада қандай қызметтерді тегін ала алады?
– Есепке тұрғаннан кейін әйелдің денсаулығы тұрақты бақылауда болады. Оған:
- жоспарлы зертханалық талдаулар,
- үш кезеңді перинаталдық скрининг аясындағы УДЗ,
- бейінді мамандардың консультациялары,
- қажет жағдайда күндізгі немесе тәуліктік стационарға жатқызу
- қызметтері тегін көрсетіледі. Барлық қызметтер ТМККК және МӘМС аясында ұсынылады.
"Ана мен бала денсаулығы – денсаулық сақтау жүйесінің ерекше бақылауында. Сондықтан жүктілікті уақытылы есепке қойып, әр триместрде белгіленген тексерулерден өту маңызды. Бұл ана мен баланың денсаулығын қорғауға және асқынулардың алдын алуға көмектеседі", – деп қорытындылады ӘМСҚ өкілі Забира Оразалиева.
USD:
521.5 / 524.1
EUR:
611.5 / 616.5
RUB:
6.45 / 6.57