Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 94 жастағы халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Air Astana әуе компаниясының қызметкерлері арасындағы оқиғаға қатысты пікір айтты.
Сенат отырысында министрге болған жағдай тұтынушылардың құқықтарын бұзу ма деген сұрақ қойылды.
"Әріптесім Аида Ғалымқызының (Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева – автор) сөзіне қосыла аламын. Бірақ бұл сұрақтың этикалық жағы да бар. Сондықтан жалпы ережелер бар: "Егер тыйым салынса - рұқсат етілмейді, тікелей тыйым салынбаса - рұқсат етіледі". Бұл жағдайда қалай түсіндіруге болады. Менің ойымша, қиындықтарға тап болған адам үшін, әуежай қызметкерлері осы қағиданы қолдана отырып, ерекшелік жасауға болар еді", – деді министр.
Шаққалиев бұл атақты әртістерге ғана емес, барлық жолаушыға қатысты екенін атап өтті. Дәл осындай ереже біреуге медициналық көмек қажет болғанда, төтенше жағдайларда да қолданылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Аида Балаева әнші Бибігүл Төлегенованың Air Astana ұшағына отыруы кезінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді
Еске салайық, ұшаққа отыру үшін арбамен сәл кешігіп келген әншіні бортсеріктер өзге жолаушылардың бәрін отырғызып болғанша күтуге мәжбүр еткен. Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызды. Кейін бұл оқиға бойынша түсініктеме берген әуе компаниясының өкілдері бортсеріктер әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай әрекет еткенін түсіндірді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болған жайтқа пікір білдірді. Оның айтуынша, авиакомпания мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулардан басқа қарапайым этиканы сақтауға және өз клиенттеріне құрметпен қарауға тиіс.