DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында "Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі" тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2021 жылы 19-26 қыркүйек аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53%-ы – ер азамат, 47%-ы – әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмірлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда атап өткендей, 2030 жылдарға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді жол бар. Ол – бейбіт атом.
DEMOSCOPE сауалнама нәтижесі бойынша, 55% қазақстандық атом электр станциясының салынуына қарсы. Олардың 36%-ы үзілді-кесілді қарсы. Себебі олар Қазақстан АЭС секілді объектілерді салуға дайын емес, дейді. АЭС қоршаған орта мен адамға қауіпті екендігін ескерген 19% респондент те мұндай шешімді құп көрмейтінін айтты. Дегенмен, жалпы алғанда 40% қазақстандық президенттің бастамасын қолдайды. Олардың 30%-ы қандай қауіп-қатер бар екенін жақсылап зерттеу керек және өзге елдердің тәжірбиесіне талдау жасау керек, содан кейін ғана бастауға болады, дейді. АЭС құрылысы мен қауіпсіз атом энергетикасын пайдалану туралы бастаманы толықтай қолдайтындар – 10%.
Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы мәселелер соңғы бірнеше жыл бойы талқыланып келеді, әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сарапшылар да АЭС-ң пайдасы мен зиянын сараптап, әрқилы дәлелдер келтіріп жатыр. Көбінесе атом энергетикасын тиімді пайдаланатын дамыған елдердің тәжірбиесі мысал ретінде келтіріледі. Одан бөлек, ауқымды халықаралық жоба жүзеге асырылатын болса, онда энергия тапшылығының орнын толтыруға және Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға көмектеседі.
DEMOSCOPE зерттеуі барысында респондентерге "Қазақстанда атом электростанциясы салынатын болса, қандай негізгі қауіп-қатерлер болуы мүмкін?" деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақта бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді. Респондентердің көбі (39%) радиоактивті қалдықтарды сақтау мен жоюдан туындайтын экологиялық қатерлерден қауіптенетінін айтты. 37% қатысушы сыбайлас жемқорлық пен адами факторлармен байланысты апаттар болуы мүмкін екенін атап өтті.
15% қатысушы Ауғанстанға жақын орналасқанымызды ескерсек, экстремистер үшін таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін деп қорқады. 12% респондент аймақтағы сейсмикалық қауіптің жоғары екенін негізгі қауіп-қатерге жатқызса, 8% АЭС құрылысы экономикалық тұрғыда бекер екенін айтты. Ал 6% одан келіп-кетер ешқандай да қауіп-қатер жоқ деп жауап берді.
Сонымен қатар, сауалнама қатысушыларынан Қазақстанда атом электростанциясы құрылысының негізгі артықшылықтарын атауын өтіндік. Мұнда да бірнеше нұсқаны таңдауға мүмкіндік берілді. Респондентердің үштен бірі ешқандай артықшылығы жоқ деген ойда. 17% АЭС көмір тұтынуды және оның қоршаған ортаға зиянын азайтады деп сенеді.
14% АЭС болашақта болуы мүмкін энергия тапшылығының орнын толтырады және елді атом энергиясымен қамтамасыз ететініне сенеді. 12% АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі дейді. 10% атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді десе, 8% инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды және Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясы нығаяды деген жауапты таңдады. 24% респондент аталғандардың барлығын Қазақстанда атом электростанциясы құрылысының пайдалы тұсына жатқызды.
Семейдегі ядролық полигонның жарасы әлі жазылмағаны ақиқат. Бейбіт заманда Арыс пен Жамбыл облысында болған жарылыстан кейін де халық техногендік сипаттағы апаттан қатты қорқып қалған. Бұл мәселеге келгенде билікке де сенбейді. 39% респондент АЭС-тен келер қатерлердің жоғары екенін айтады. 30% сауалнама қатысушысы Қазақстанда әскери қоймаларда болған жарылыстарды ескерсек, Чернобыль АЭС-ы мен Фукусима-1 апаты қайталана ма деп қорқады.
19% респондент кешегі күні болған қасірет пен апаттан сабақ алып, алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермейтін боламыз деген үмітте. 12% қатысушы Қазақстан АҚШ, Қытай, Франция және басқа да дамыған елдердің ядролық энергетиканы пайдаланудың озық тәжірбиесін қайталап, жетістікке жетеді деген сенімде.
DEMOSCOPE сауалнамасында қатысушылардан АЭС құрылысы мәселесі бойынша ең дұрыс шешім қандай екені сұралды. 41% бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Халық қалай шешсе, солай жасау керек деген ой айтылды. 22% қатысушы дұрыс шешім қабылдау үшін ең үздік халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгінуге кеңес берді.
16% ашық қоғамдық талқыға салғаннан соң ғана шешім шығару керек десе, 12% бұл мәселенің шешімі — үкіметтің құзырында қалғаны дұрыс деп қысқа қайырды. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 9%-ы Қазақстанда АЭС құрылысына бірден мораторий жариялау керек деп санайды.
DEMOSCOPE сауалнама нәтижесі көрсеткендей, халық жалпы атом электр станциясының салынуын құптап отырған жоқ. Олар жалпы экологиялық және елді жайлаған сыбайлас жемқорлық қатерлерінен қорқып, АЭС құрылысын қолдай алмай отыр. АЭС-ң артықшылықтары аталғанда азаматтардың үштен бірі ешқандай пайдасы жоқ деген жауапты таңдады. Ал АЭС құрылысын қолдайтындардың көбі көмірді тұтыну азайып энергия тапшылығының орны толады деген дәлелге сүйенеді. Сауалнамада өз ой-пікірімен бөліскен азаматтардың көпшілігі бұл мәселені халық талқысына салып, дауыс берген жөн дейді.