Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогер Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтты.
Эльмира Төлегенова мен оның жұбайы Ерболат Жанәбілов заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша айыпталып отыр. Соттағы сөзінде Төлегенова отбасы болған жағдай үшін жауапкершілікті толық түсінетінін жеткізді.
"Біз өзімізге үлкен қорытынды жасадық, бұл біз үшін өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Соттан жеңіл жаза тағайындауды өтінемін", – деді ол.
Сондай-ақ айыпталушы сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасау туралы өтініш білдіргенін айтты. Оның айтуынша, келісім шарттары толық түсіндірілген.
Адвокаттың мәліметінше, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексі мұндай өтінішті сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кез келген кезеңде беруге мүмкіндік береді. Прокурорға өтінішті қарау үшін бір сағат уақыт берілді.
Айта кетейік, блогерлерге қатысты негізгі сот процесі 16 наурызда басталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова онлайн-курстарды сату арқылы табыс тапқан. Сонымен қатар, курсқа деген сұранысты автокөлік пен өзге де сыйлықтар ұтысын уәде ету арқылы арттырған.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, қатысушылардың бір бөлігі оқудан гөрі ұтысқа қатысу үшін келген. Тергеу барысында "әділетсіз ұтыс барабанына" қатысты сұрақтар туындаған. Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07