Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты істе сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды.
Сот жарыссөздері барысында прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев блогерлер үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Прокурор Ерболат Жанәбіловті қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша екі жыл алты айға, ал 218-бабы 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық кодекстің 58-бабына сәйкес, жазаларды біріктіру арқылы оған түпкілікті төрт жыл жаза тағайындау ұсынылды. Сондай-ақ оны сот залында қамауға алу сұралды.
Ал Төлегеноваға төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеу, сондай-ақ жазаны өтеуді бір жылға шегеру сұралды. Оған қатысты бұлтартпау шарасын елден шықпау туралы қолхатқа өзгерту ұсынылды.
Прокурордың пікірінше, бұл іс бойынша жеңілірек жаза тағайындау заңдылық пен әділдік талаптарына сай келмейді. Ол айыпталушылардың әрекеті қоғамға қауіп төндіргенін атап өтіп, тек нақты жаза ғана әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіре алатынын жеткізді. Жеңілдететін мән-жай ретінде олардың кәмелетке толмаған балаларының бар екені көрсетілді.
Еске салайық, блогерлерге қатысты негізгі сот процесі 16 наурызда басталған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар онлайн-курстар сату арқылы табыс тапқан, ал сұранысты автокөлік пен өзге де сыйлықтар уәдесі арқылы арттырған. Қаржылық мониторинг агенттігі дерегінше, кейбір қатысушылар білім алу емес, ұтыс ойындарына қатысу үшін келген. Тергеуде сондай-ақ "әділетсіз ұтыс барабанына" қатысты күмән туындаған.
USD:
462.9 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13