Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты басқаруға қатысты заңнамаға енгізу ұсынылған түзетулерді түсіндірді.
Оның айтуынша, қордағы қаражатты басқарушы компанияға беру міндетті шара емес, азаматтардың құқығы.
"Бүгін әрқайсымыз ай сайын табысымыздың 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотқа аударамыз. Бұл қаражатты Ұлттық банк басқарады. Айта кету керек, соңғы жылдары басқару сапасы жаман емес. Сонымен қатар, барлық азаматтар біле бермейді: қазір азаматтарда жинақтарының бір бөлігін, нақты айтқанда 50%-ына дейін, табыстылықты арттыру және тәуекелдерді әртараптандыру үшін жеке басқарушы компанияларға беруге құқық бар. Әрине, ештеңені өзгертпей, қаражатты толықтай Ұлттық банкке сеніп қалдыруға болады. Қалаған жағдайда әр азамат өз бетінше шешім қабылдап, жинағының бір бөлігін кәсіби басқарушыларға бере алады. Алайда бұл мүмкіндік әзірге кеңінен қолданылып отырған жоқ", – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұл ретте ұсынылған негізгі түзетулер екеу:
- Азаматтардың қаражатын жеке басқарушы компанияларға беру шегін қазіргі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайту.
- Азаматтардың өздері таңдаған басқарушы компанияға, осы жинақтарды икемді түрде басқаруға мүмкіндік беру.
"Қаражаттың бір бөлігін консервативті құралдарға, бір бөлігін – табысы жоғары, бірақ тәуекелі де жоғары құралдарға, ал бір бөлігін теңгерімді бағыттарға орналастыру мүмкіндігін беру. Яғни "бәрі немесе ештеңе" емес стратегиясы емес, саналы таңдау. Ұсыныстарымыздың мәні қарапайым. Ақша тек жатып қалмай, жұмыс істеуі тиіс. Бұл -жинақтау міндетімен қатар, азаматқа өз қаражатын басқару құқығын беретін неғұрлым жетілген әрі әділетті жүйеге жасалған қадам", – деді мәжіліс депутаты.
USD:
482.3 / 485.3
EUR:
555.0 / 560.0
RUB:
5.81 / 5.97

