Алматының Әуезов ауданында Өтеген батыр көшесінен Саин көшесіне дейінгі Жұбанов көшесін көркейту және көгалдандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы аумағы 8,38 гектар болатын жоба шамамен 5 200 тұрғынды қамтиды. Жаңартылған көшеде демалыс орындары, балалар және спорт алаңдары, сондай-ақ қазақтың ұлттық дәстүрін бейнелейтін үш мүсіндік композиция пайда болды.
Әкімдіктің мәліметінше, жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жаңартылды. 11 495 шаршы метр тротуар төселіп, 4 329,6 шаршы метр аумаққа асфальт, 1 968 шаршы метр жерге резеңке жабын салынды. Бұл балалар мен егде жастағы адамдардың да көшеде еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.
"Көшені көгалдандыруға да баса назар аударылған. Жалпы 31 812 шаршы метр аумаққа жасыл желек отырғызылып, 464 ағаш пен 21 757 сәндік бұта егілді. Сонымен қатар 6 095 шаршы метр гүлзар мен 25 717 шаршы метр көгал жасалды. Өсімдіктерді күтіп-баптау үшін осынша аумақты қамтитын суару жүйесі орнатылды. Тұрғындардың демалуына және белсенді уақыт өткізуіне арналған 35 демалыс орны, 11 балалар ойын кешені, 16 спорттық құрал-жабдық пен 9 әткеншек қойылды. Бұған қоса, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, кешкі уақытта көшені жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Жаңартылған көшенің ерекшелігі – заманауи өнер мен қазақтың ұлттық дәстүрін ұштастырған үш авторлық мүсіндік композиция. Оларды мүсіншілер А. Орманбеков, Қ. Асылбай, Т. Ермұхаметов және С. Нурушевтен құралған шығармашылық топ әзірлеген", – делінген хабарламада.
- "Үлкенге құрмет" композициясы ұрпақтар сабақтастығын, ізеттілік пен үлкенге деген сыйластықты бейнелейді. Үш діңгек әке, ана және ерлі-зайыптылар жағынан тарайтын үш туыстық арнаның бірлігін білдіреді. Ал көкке созылған бұтақтары бата сұраған алақанды елестетсе, алтын түстес жемістері ата-баба даналығын меңзейді.
- "Әуен" мүсіні көрнекті қазақ композиторы Ахмет Жұбановтың мұрасына арналған. Онда домбыра мен шаңқобыздың сұлбалары үйлесім тапқан. Композиция "Қазмойын" және "Қошқармүйіз" ою-өрнектерімен толықтырылған. Олар сұлулықты, еркіндікті, береке мен дәстүр сабақтастығын білдіреді.
- Ал "Кең дала" композициясында үш жылқының бейнесі сомдалған. Мүсіндер қазақ даласының кеңдігін, рух күшін, табиғатпен үйлесімділікті және еркіндікке ұмтылысты танытады.
Көркейту жұмыстарының нәтижесінде Жұбанов көшесінде жасыл желек, демалыс орындары мен жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жаңарып, ұлттық өнер үлгілерімен толыққан қоғамдық кеңістік қалыптасты.
Еске салайық, Алматы облысындағы №3 арнайы мектеп-интернатының директоры мен оның сыбайластары бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.