Елордада халықаралық жарыстарды ұйымдастырумен қатар, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалар мен бұқаралық спортты өркендету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Астанадағы осы бағыттағы шаралар мен алдағы межелер жөнінде қаланың Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит пен Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының жетекшісі Азамат Белгібаев баяндап берді.
Әлемдік арена. Халықаралық турнирлер мен келешек жоспарлар
Шаһарда қазақ күресінен "Қазақстан Барысы", бәйге жарыстары, теннистен Дэвис кубогының кезеңдері, семсерлесуден Әлем кубогының бәсекесі, дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam, таеквондодан Altaic Cup пен Kazakhstan Open, үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup, FEI аясындағы ат спорты мен киберспорттан халықаралық турнирлер жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Күзгі маусымның басты оқиғалары ретінде 15-17 қазанда "Барыс Аренада" өткен World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден Әлем кубогының кезеңі және 17-18 қазанда Qazaqstan спорт кешенінде 5 елдің өкілі бақ сынаған ALEM CUP 2026 көркем гимнастика бәсекесін ерекше атап өтуге болады. Оған қоса, 24-25 қазанда Конгресс орталығында Дүниежүзілік би спорты федерациясының әлем чемпионаты ұйымдастырылып, Қазақстанда алғаш рет Youth Solo Latin бағыты бойынша қыздар арасында дүниежүзілік біріншілік өтті. Ал 24 қазан мен 1 қараша аралығында "Барыс Аренада" жалауы желбіреген күрестен әлем чемпионатында елордалық балуан Бағдат Сабаз грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығасына байлады.
"Астананың қазіргі инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық қабілеті әлемдік деңгейдегі кез келген бәсекені жоғары дәрежеде өткізуге толық жетеді. Ауқымды жарыстарды өткізу қаламыздың беделін асырып қана қоймай, жас спортшыларымызға үлкен тәжірибе береді. Жыл соңына дейін World Taekwondo Grand Prix Final финалдық кезеңі, Еуразия лигасының ат спортынан Әлем кубогының финалы, УЕФА Ұлттар лигасының Қазақстан мен Словакия арасындағы матчы, сондай-ақ желтоқсанда көру қабілеті бұзылған жасөспірімдер арасында 24 елдің қатысуымен өтетін голболдан әлем чемпионаты жоспарланған. Ал 2027 жылы жасөспірімдер арасында шорт-трек, бокс, үстел теннисі, дзюдо, джиу-джитсу, таеквондо және киберспорт сияқты 7 спорт түрінен әлем біріншіліктерін өткізуді көздеп отырмыз", – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.
Балалар мен жасөспірімдер спорты. Резерв даярлау жүйесі
Елорданың спорт саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі – кәсіби спортшылардың жаңа буынын баптап шығару. Қазіргі таңда Астанада 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда 7 мыңнан астам өрен 51 спорт түрінен тәлім алуда. Оқу-жаттығу үдерісі гимнастика, футбол, жекпе-жек, су спорты, қысқы, жазғы және ұлттық спорт түрлерін түгел қамтиды.
Осы орайда, Астана қаласы әкімдігінің "№1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі дарынды спортшыларды даярлауда жоғары көрсеткіштерге жетіп келеді. Мекеменің тыныс-тіршілігі мен жеңісті жолы туралы Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев баяндады.
"Жұмысымыздың негізгі өзегі – кішкентай кезінен дарынды балаларды анықтап, оларды ұлттық құрамалардың сапына дейін жүйелі түрде баптау. Қазіргі таңда спорт мектебінде гимнастиканың үш түрі мен спорттық құзға өрмелеу бойынша болашақ чемпиондар тәрбиеленіп жатыр. Жалпы саны 65 топта 542 өрен шеберлігін шыңдап жатса, оларға 37 жаттықтырушы мен 13 хореограф тәлім береді. Бұл еңбектің нәтижесі де жаман емес. Тәрбиеленушілеріміз Азия ойындарында тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрсе, 2025 жылы Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде топ жарып, тарихи алтын алды. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша қоржынымызға 114 медаль түсті. Оның 35-і – алтын, 42-сі – күміс және 37-сі – қола жүлде", – деді Азамат Белгібаев.
Оқи отырыңыз: Алматылық спортшы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына жолдама алды
Балаларды спорт мектептеріне қабылдау негізінен тамыз-қыркүйек айларында жүзеге асырылады. Онда баланың жасы, дене дайындығы мен қабілеті басшылыққа алынады. Барлық талап мен іріктеу шарты Басқарманың ресми ресурстарында ашық жарияланады.
"Балалар мен жасөспірімдер спорты – біздің болашақ жеңістеріміздің іргетасы. Спорт мектептеріндегі бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан сабақтар алғашқы қадамнан бастап халықаралық аренаға дейінгі үздіксіз даярлық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз әрбір баланың өз қабілетін ашуына жағдай жасаймыз", – деп атап өтті Василий Левит.
Бұқаралық спорт шаралары мен марафондар, велошерулер
Қала ішінде марафондар мен велошерулерге басымдық беріледі. Тоғыз ай ішінде Astana Half Marathon, Astana Run, Astana Duathlon, Taldau Run, Saryarka Run, Run for Autism, Night Run сияқты жүзден астам қатысушыны қамтыған жүгіру жарыстары өтті. Бұған қоса "Елорда туры", Конституция күні, Мемлекеттік рәміздер күні және "Таза Қазақстан" акциясы аясында велошерулер ұйымдастырылды. Инклюзивті бағытта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық шаралар да өтті.
"Бұқаралық спорттық шаралар – бұл тек жарыс емес, тұрғындардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыратын негізгі құрал. Азаматтарды қамтыған бұл бастамалар қаламыздың белсенді ырғағын айқындайды", – деді дирекция басшысы Азамат Белгібаев.
Елордалықтарға арналған тегін әлеуметтік спорт жобалары
Елордада бұқаралық дене шынықтыруды дамытудың тағы бір маңызды тармағы – тұрғындарды тегін жаттығулармен қамтамасыз ету. 2026 жылдың жазғы маусымында іске асырылған әлеуметтік жобаларға мыңдаған тұрғын қатысты:
- "Өзіңнен баста": Триатлон саябағы мен Ботаникалық бақта 3 ай бойы ұйымдастырылған тегін жаттығулар өтті. Дене белсенділігімен бірге зиянды әдеттердің алдын алу шаралары жүргізілді;
- "Aula Fit": Маусым айында бастау алып, елорда аудандарындағы аула алаңдарын қамтыған бастамаға балалар, жастар мен аға буын өкілдері тартылды;
- Йога және Скандинавиялық жүріс: Ашық аспан астындағы йога сабақтары мен скандинавиялық жүріске қала тұрғындары белсене қатысты;
- "Street Workout" (Workout City): Орталық саябақ пен Ботаникалық бақта көптеген қатысушылардың басын қосты.
Оқи отырыңыз: Татамиде шыңдалып, теңізде қиылған өмір: Спортшы Сержан Аяпберген Каспийде ажал құшты
Жаттығу алаңдарында спорттан бөлек, нашақорлық, лудомания, буллинг, интернет-алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп, "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциялары аясында іс-шаралар ұйымдастырылды.
"Біздің басты мақсатымыз – спортты әрбір астаналық үшін қолжетімді ету. Аулалар мен саябақтардағы тегін жаттығулар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамда салауатты мәдениет пен құқықтық тәртіпті қалыптастырады. Дене шынықтыруды әр шаңырақтың күнделікті әдетіне айналдыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса береді", – деп түйіндеді сөзін Азамат Белгібаев.