2027 жылы Қазақстанда бензин бағасы қанша болады? Finscope болжамы

Қазіргі таңда ірі қалаларда бір литр АИ-92 бензинінің бағасы 250 теңгеден жоғары. Фото: Depositphotos.com
Қазіргі таңда ірі қалаларда бір литр АИ-92 бензинінің бағасы 250 теңгеден жоғары. Фото: Depositphotos.com
Қазіргі таңда ірі қалаларда бір литр АИ-92 бензинінің бағасы 250 теңгеден жоғары.

2021 жылдың басынан бері АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 64%-ға, ал соңғы бір жылда 8%-ға қымбаттады. Бензин бағасы неден құралады, оның өсуіне қандай факторлар әсер етеді және 2027 жылдың соңында қанша болуы мүмкін? Бұл сұраққа Finscope жауап берді. 

2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан бойынша АИ-92 бензинінің орташа бағасы литріне 247 теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8%-ға, ал 2021 жылдың басындағы бағадан 64%-ға жоғары. АИ-95 одан да жылдам қымбаттады: бір литрі 314 теңгеге жетіп, бір жылда 13%-ға өсті. Дизель отынының бағасы – 346 теңге.

Соған қарамастан, Қазақстанда бензин аймақтағы ең арзан отын болып отыр. Ресейде АИ-92-нің бір литрі шамамен 413 теңге, Қырғызстанда – 457 теңге, Өзбекстанда 478 теңге тұрады. Бағадағы осы айырмашылық Қазақстанда бензиннің алдағы уақытта да қымбаттауына негізгі себептердің бірі болуы мүмкін.

Қазір бензин қанша тұрады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жанармай бағасы біртіндеп емес, бірнеше кезеңмен өскен. Мемлекет белгілі бір уақыт аралығында бағаны ұстап тұрып, кейін шектеулерді алып тастаған. Соның салдарынан баға қайта өскен.

  • 2021 жыл. АИ-92 бағасы 151 теңгеден 180 теңгеге дейін қымбаттады.
  • 2022 жыл. Қаңтар оқиғаларынан кейін жанармай бағасы бақылауға алынып, АИ-92 жыл бойы шамамен 179 теңге болды.
  • 2023 жылдың көктемі. Баға күрт өсті: бір айда АИ-92 179 теңгеден 199 теңгеге, дизель 241 теңгеден 289 теңгеге дейін қымбаттады. Кейін екі жылға жуық уақыт АИ-92-нің шекті бағасы 205 теңге, дизельдікі 295 теңге болып белгіленді.
  • 2025 жыл. Бағаны реттеу тоқтатылып, қаңтардан қазанға дейін АИ-92 құны 203 теңгеден 234 теңгеге дейін, яғни 15%-ға өсті.
  • 2025 жылғы қазан – 2026 жылғы наурыз. Мораторий енгізіліп, АИ-92 мен дизель бағасы 16 қазандағы деңгейде тоқтатылды. АИ-95 бұл шектеуге кірмегендіктен, алты айда оның бағасы 284 теңгеден 309 теңгеге дейін көтерілді.
  • 2026 жылғы сәуір. Мораторий аяқталып, бес айда АИ-92 тағы 11 теңгеге қымбаттады.

Өңірлердегі баға айырмашылығы бір литрге 20 теңгеден асады. АИ-92 ең арзан Атырауда (230 теңге), Түркістанда (234 теңге) және Шымкентте (235 теңге) сатылса, ең қымбаты Алматы мен Талдықорғанда (252 теңгеден) тіркелген.

Бір жылда бензин бағасы ең көп Оралда (12,5%) және Павлодарда (11,6%) өскен. Ең төмен өсім Ақтауда байқалды – 6,1%.

2027 жылы бензин бағасы қандай болады?

FinScope болжамынша, алдағы апталарда бағаның күрт өсуі күтілмейді. Алайда арзандауы да екіталай. БАҚ мәліметінше, қазанда бензин бағасы негізінен аздап төмендеген, ал дизель құны айтарлықтай өзгермеген.

Қарашада ірі жеткізушілер АИ-92 мен дизельдің көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге арттыруды жоспарлап отыр. Сарапшылардың бағалауынша, бұл бензиннің бір литріне шамамен 7­-8 теңге, ал дизельге 9 теңге қосуы мүмкін. Алайда жанармай құю бекеттеріндегі баға бірден әрі барлық жерде бірдей өспеуі ықтимал. Бұған қордағы отын мен нарықтағы бәсекелестік әсер етеді. 16 қазанда мұнай базаларында шамамен 311 мың тонна АИ-92 болған.

Базалық сценарий. Мораторий аяқталғаннан кейін, сәуірден қыркүйекке дейін АИ-92 айына орта есеппен 2 теңгеге қымбаттаған. Осы қарқын сақталса, 2027 жылдың соңында бір литр бензин шамамен 280 теңге болуы мүмкін. Бұл қазіргі бағадан 13%-ға жоғары. АИ-95 пен дизель де осындай қарқынмен қымбаттауы ықтимал.

Finscope болжамы

Бағаның жылдам өсу сценариі. Бұған бірнеше фактор қатар әсер етуі мүмкін. Егер құбылмалы акциз мөлшерлемесі қайтадан 50%-ға дейін төмендетілсе, жеткізушілерге көтерме бағаны арттыру тиімдірек болады. Бұған ЕАЭО ортақ нарығының іске қосылуы мен Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы көктемгі жөндеу жұмыстары қосылса, АИ-92 бағасы 2025 жылдың жазындағыдай айына 4-8 теңгеге өсуі мүмкін.

Бағаны тежеу сценариі. Мұндай мүмкіндік те бар. 2025 жылдың күзінде баға тым жылдам өскен кезде мораторий енгізілген болатын. Алайда бағаны уақытша тоқтату қымбаттаудың себептерін жоймайды, тек кейінге шегереді. Шектеулер неғұрлым ұзақ сақталса, тапшылық, отынды заңсыз сыртқа шығару және мораторий аяқталғаннан кейін бағаның күрт өсу қаупі соғұрлым артады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау