Түркістандағы ойын-сауық орталықтарының бірінде әйелді соққыға жыққан жасөспірім әлеуметтік желіде оқиғаның қалай басталғанын айтып, мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, жанжалға кішкентай баланың қызға балағат сөз айтуы себеп болған.
Жасөспірімнің айтуынша, әлеуметтік желіде тараған видеода жанжалдың тек соңғы бөлігі түсірілген. Ал оған дейін әйел қызды жарты сағаттай балағаттап, жұлқылаған.
Ол өзін кәсіби боксшы емес, кәмелетке толмаған жасөспірім екенін айтып, оқиғаның қалай басталғанын түсіндірді.
"Кішкентай бала өзінің басына тиген допты мен лақтырды деп ойлап, жаман сөздер айтты. Оқиға осыдан басталды. Кейін анасы келіп, мені жұлқылап, жарты сағат бойы ұрысты. Мен оған жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрадым. Камераларды қарап, баласына тиіспегенімді тексеруді де ұсындым. Алайда тыңдамады. Интернетте оқиғаның тек соңғы бөлігі тарады. Мен тек ашулы әйелден қорғандым", – деді ол.
Еске салайық, 7 қарашада Түркістандағы ойын-сауық орталықтарының бірінде екі қыз-келіншектің төбелескен видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрларда қыздардың бірі екіншісін соққыға жыққанын көруге болады. Оқиғадан кейін желі қолданушыларының бірқатары қыздарын боксқа беретінін айтып, пікір қалдырған.
Айта кетейік, Көктөбеде төбелес шығарған 6 үндістандық студент еліне қайтарылады.