Бүгіннен бастап жеке тұлғалардың банк шотына соңғы үш айда түскен аударымдардың жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асса, салық органдары оларды тексере алады. Бұл ретте ақша кемінде 100 түрлі адамнан түсуі керек. Мемлекеттік кірістер органдары аударымдардың кәсіпкерлік табысқа қатысы бар-жоғын анықтайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Бұған дейін салық органдары кейінгі үш айда жеке тұлғаның шотына жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын аударым түсіп, оны кемінде 100 адам жіберген жағдайда тексеріс жүргізе алатын. Енді Қаржы министрлігі бұл шекті 537 мың теңгеге көтерді. Өзгеріске сәйкес, бұрын есептеуде ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері негізге алынса, енді айлық есептік көрсеткіштің 360 еселенген мөлшері қолданылады.
"Бұрын қолданыста болған ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 360 еселенген мөлшеріне ауыстырылды. Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына сәйкестендіру мақсатында енгізілді. Бұйрық 2026 жылғы 8 қарашадан бастап күшіне енді", – деді Жұртшылықпен байланыс-хатшылық басқармасының сарапшысы Ұлдана Сүлеймен.
Астаналық тұрғындардың бірқатары аударым сомасының шегін бұдан да жоғары көтеру керек деп санайды. Олардың пікірінше, қазір көпшілік қолма-қол ақшадан гөрі банк аударымдарын жиі пайдаланады.
Соманың өсуі тексерістен толық босатпайды
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, шекті соманың өсуі кәсіпкерлерді салықтық бақылаудан толық босатпайды. Өйткені аударымдарды тексеруге негіз болатын бірнеше өлшемшарт бар. Мысалы, жеке тұлғаның шотына үш айда 1 миллион 350 мың теңге түсіп, бірақ ақша жіберген адамдар саны 100-ден асса, банк бұл мәліметті салық органдарына ұсынуға тиіс.
"Соманың көлемінде ғана өзгеріс болып отыр. Яғни бұл кәсіпкерлерге ең соңында банк, фискал органдар немесе Қаржы министрлігі тарапынан жүргізілетін бақылауды біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді", – деді экономист.
Маманның түсіндіруінше, егер кейінгі үш айда шотқа 60 адамнан 1 миллион 600 мың теңге аударылса, тексеруге негіз болатын талаптар толық орындалмайды. Себебі ақша жіберген адамдар саны 100-ге жетпейді. Сондықтан банк бұл жағдайда тұтынушының деректерін салық органдарына бермейді.
Еске салайық, Қазақстанда 15 қыркүйекке дейін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкі туралы 270.00-нысанды декларациясын тапсыру науқаны жүрді.