2026 жылғы 12 қаңтар сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында бір реттік зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен медициналық қызмет алу үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы "Отбасы банк" хабарлайды.
"Отбасы банкінің" мәліметінше, бұл шешім зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарын қайта қарау қажеттігіне байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Банк өкілдерінің айтуынша, БЗТ арқылы медициналық қызмет алу шарттарын өзектендіру және ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастыру тетіктерін жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл шаралар зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар құзырлы органдар азаматтардың жинаған қаражатының нақты ем-домға жұмсалуын бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Бұл жалған құжат жасау, делдалдық қызмет пен күмәнді медициналық ұйымдар арқылы қаржы игеру секілді заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта өтінім қабылдау қайта қашан басталатыны белгісіз. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17