Nvidia басшысы Дженсен Хуанг жұбайының көзіне шөп салғанын мойындады

Nvidia басшысы Дженсен Хуанг. Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Nvidia басшысы Дженсен Хуанг. Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Көңілдес әйелдің Қытайдың барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін.

Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген әйелмен қарым-қатынасы туралы ақпарат тарағаннан кейін өз жұбайының көзіне шөп салғанын мойындады. 

Қазіргі таңда компанияның директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу басталды. Оның қорытындысы шыққанға дейін Дженсен Хуанг қызметін жалғастыра береді.

Дженсен Хуанг әйелі мен балаларынан кешірім сұрап, оларға ауыртпалық түсіргенін және өз әрекеттері үшін толық жауапкершілік алатынын мәлімдеді.

"Мен әйеліме опасыздық жасадым. Бұл әрекетім оған және балаларымызға ауыр тиді. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ", – деп жазды ол.

Nvidia басшысы компания қызметкерлерінен, директорлар кеңесінен, серіктестері мен акционерлерінен де кешірім сұрап, олардың сенімін ақтамағанын мойындады. Енді сол сенімді қайтаруға ниетті екенін жеткізді. Алайда ол көңілдес әйелдің есімін атаған жоқ.

"Мен өз елімді және компаниямызды жақсы көремін. Nvidia-ны қорғауға және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қолдауға бар күшімді саламын", – деді Дженсен Хуанг.

Компания өкілі Джон Риццо бұл жағдай Nvidia жұмысына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Дженсен Хуанг компанияны басқара беруін жалғастырады. 

Тергеуге Хуангтың шетелдік арнайы қызметтердің нысанасына айналуы мүмкін екені туралы жарияланымдар себеп болған. Оны тәуелсіз директорлар комитеті сыртқы заңгерлерді тарта отырып бақылайды. Директорлар кеңесі әзірге АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне немесе Nvidia компаниясының құпия ақпаратына қауіп төнгеніне негіз жоқ екенін атап өтті. Дегенмен қолда бар барлық ақпаратты тексеруге ниетті. Сонымен қатар кеңес Хуанг пен оның командасына сенім білдірді.

Бұл оқиға АҚШ Конгресінің де назарын аударды. Өкілдер палатасының сыртқы істер, барлау және Қытай мәселелері жөніндегі үш комитетінің төрағалары Дженсен Хуангты 18 қарашада жабық брифинг өткізуге шақырды. Заң шығарушылар одан жарияланымдарға қатысты түсініктеме алып, Nvidia компаниясының құпия ақпаратты шетелдік барлау қызметтерінен қалай қорғайтынын білгісі келеді.

Еске салайық, Дженсен Хуанг таяуда Қазақстанда болып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Президент Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау