Алматыда такси жүргізушісі көлігіне отырған әйел мен оның кішкентай баласын балағаттағаны үшін жеті тәулік әкімшілік қамауға алынды. Оқиғаға қатысты материалдар сотқа жолданған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, көлікке отырған бүлдіршін абайсызда салонды былғап алған. Бұған ашуланған жүргізуші әйел мен баласына дөрекі сөздер айтқан. Көлік тоқтағаннан кейін де балағаттауын жалғастырған.
Жолаушы болған жағдайды телефонына түсіріп, полицияға арызданған.
"Полиция қызметкерлері жүргізушінің әрекетін құқықтық тұрғыда саралады. Жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция тұрмыстық жанжал немесе жолаушыға деген наразылық адамды қорлауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы керектігін ескертті. Сондай-ақ мұндай жағдайларға балалардың куә болуы олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.