Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында айтты.
"Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз. Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі "Тәуелсіздік" және "Егемендік" сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар. Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды.
"Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады. Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты. Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз", – деді президент.
Қазақ тілін қолдау қорына 824 млн теңге жиналды. Қандай жұмыстар атқарылуда