Сәбилі болған отбасылардың несиесі уақытша тоқтатылуы мүмкін бе

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда жас отбасылардың несиесін тоқтату ұсынылды.

Қазақстанда бала туған отбасыларға несие төлеуді уақытша тоқтату ұсынылды. Мұндай бастаманы Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов көтерді. Оның пікірінше, жас отбасылардың қарыз жүктемесі мен қаржылық тұрақсыздығы бала сүю туралы шешіміне әсер етіп отыр. Алайда экономистер несиені уақытша тоқтату мәселені түбегейлі шешпейтінін айтады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Мұрат Әбенов соңғы жылдары елдегі бала туу көрсеткішінің төмендеуіне жас отбасылардың қаржылық жағдайы кері әсер етіп отыр деп есептейді. Оның айтуынша, баспананың, тұрақты жұмыстың болмауы және несие жүктемесінің артуы ерлі-зайыптылардың балалы болу туралы шешіміне ықпал етеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 446 мыңға жуық сәби дүниеге келген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 227 мың бала туған.

Мұрат Әбенов бұл жағдайды алаңдатарлық үрдіс деп санайды. Ол бала туу көрсеткішінің төмендеуін тоқтату үшін мемлекет бірқатар батыл шара қабылдауы керек екенін айтты.

"Отбасыларды "қарыздық контрацепция" құрсауынан шығарып, туу көрсеткішінің төмендеуін тоқтату үшін мемлекет батыл қадамдарға баруы керек. Ең өзекті мәселе – микроқаржы ұйымдарының шектен тыс әрекеттерін қатаң шектеу, жеке сот орындаушыларының азаматтардың шоттарын жаппай бұғаттауына тосқауыл қою және бала дүниеге келген кезде пайызсыз автоматты несие демалысын енгізу", – деді Қазақстан халық кеңесінің мүшесі.

Тұрғындар ұсынысты қолдағанымен, экономистер күмән келтіреді

Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың бірқатары бала туған отбасыларға несие төлеуді уақытша тоқтату үлкен көмек болатынын айтты. Олардың пікірінше, бала күтімімен үйде отырған ата-аналарға қаржылық жеңілдік қажет.

"Баланың жәрдемақысы баланың өзіне кетеді. Ал несиені уақытша тоқтатса, тіпті жақсы. Жұмысқа шыққаннан кейін қайта төлей береді ғой", – деді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын бала күтіміне байланысты ата-ананың жұмысқа бірден шыға алмайтынын айтып, бастаманы қолдайтынын жеткізді.

Ал экономист Меруерт Махмұдова несиені уақытша тоқтату мәселені шешпейді деп есептейді. Оның айтуынша, төлем бір жылға кейінге шегерілгенімен, келесі жылы отбасының қаржылық жүктемесі одан әрі артуы мүмкін.

"Уақытша тоқтату мәселені шешпейді. Себебі, мысалы, бір жылға тоқтатса, келер жылы төлейтін сомасы көбейіп кетеді. Жастарда тұрақты жұмыс орны болмаған соң, ертең олар тіпті үйленуден де, бала туудан да бас тартады. Себебі өз басын қалай асырайтынын білмей отырса", – деді экономист.

Маманның пікірінше, қаржы ұйымдары да мұндай ұсынысты қолдамауы мүмкін. Сондықтан демографиялық өсімді ынталандыру үшін жастарды тұрақты жұмыспен қамтып, жалақысын арттыру маңызды. 

Еске салайық, енді несие алғандарға 14 күн ішінде ақшаны қайтаруға мүмкіндік беріледі. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау