Қазақстанда пошта жөнелтілімін жеткізу туралы жалған хабарламалар тарала бастады. Алаяқтар азаматтарды сілтеме арқылы өтіп, жеке мәліметтерін енгізуге көндіруге тырысады, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Бас прокуратура азаматтардың дербес деректерін иемденуге бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болғанын ескертті.
Ведомствоның хабарлауынша, қаскөйлер өздерін "Қазпошта" АҚ қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға сәлемдеме жеткізу туралы жалған хабарламалар жіберіп жатыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 9 қарашадан бастап +212 6 12 82 15 27 нөмірінен алдағы уақытта пошта жөнелтілімі жеткізілетіні туралы хабарламалар түсе бастаған. Бас прокуратура мұндай хабарламалар басқа нөмірлерден де жіберілуі мүмкін екенін ескертті.
"Алаяқтар сәлемдемені жеткізу мекенжайын нақтылау қажет деген сылтаумен хабарлама алушыларға тіркелген сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді толтыруды ұсынады. Оған қоса, сілтемені ашу тәртібі көрсетілген нұсқаулық та жіберіледі. Алайда бұл сілтеме пошта қызметінің ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған интернет-ресурсқа бағыттайды. Мұндай фишингтік сайттар арқылы алаяқтар азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен өзге де құпия ақпараттарын жинайды", – делінген хабарламада.
Бас прокуратура мемлекеттік тілде жазылған хабарламаларға да сақтықпен қарауға шақырды. Себебі алаяқтар ресми-іскерлік стильді, пошта қызметіне тән сөз тіркестері мен белгілерді пайдаланып, хабарламаның шынайы екеніне сендіруге тырысады. Бұл азаматтардың күмәнді сілтемелерге өтіп, жеке деректері мен ақшасынан айырылу қаупін арттырады.
Ведомство цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып, мынадай ескертулер жасады:
- күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- белгісіз интернет-ресурстарға жеке және банк деректерін енгізбеңіз;
- пошта жөнелтілімінің жеткізілуі туралы ақпаратты тек пошта қызметінің ресми арналары арқылы тексеріңіз.
Еске салайық, Шымкентте үш ай бұрын үйінен мәйіті табылған 56 жастағы кәсіпкер әйелдің туыстары оның өліміне азаматтық некедегі жолдасы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді.