Қазақстанда бөліп төлеуге бақылау күшейеді. Не өзгереді

Бөліп төлеуге бақылау күшейеді. Фото: Depositphotos.com
Бөліп төлеуге бақылау күшейеді. Фото: Depositphotos.com
Ұлттық банк бөліп төлеу нарығына жаңа талаптар енгізуді ұсынды.

Ұлттық банк банктік емес компаниялар арқылы рәсімделген бөліп төлеу қарыздарын да кредиттік тарихқа енгізуді ұсынды. Жаңа талап қабылданса, азаматтардың барлық берешегі бір жүйеде көрініп, жаңа несие алуына әсер етуі мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қазақстанда бөліп төлеу қызметіне қойылатын талаптарды күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Ұлттық банк банктің қатысуынсыз, тікелей сауда орындары мен компаниялардан рәсімделген қарыздарды да кредиттік тарихта көрсетуді ұсынды. Қазір мұндай берешектің бір бөлігі кредиттік тарихта есепке алынбайды. Соның салдарынан азамат бір компаниядан телефон, екіншісінен тұрмыстық техника алып, бірнеше міндеттемені қатар көтеруі мүмкін. Алайда барлық қарызы туралы ақпарат несие берушілерге бірдей қолжетімді бола бермейді. Ұлттық банк осы олқылықты жоюды көздеп отыр.

Ұлттық банк қандай талаптар енгізбек?

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – нарықтың ашықтығын арттырып, тұтынушылардың құқығын қорғау.

Оның сөзінше, жаңа шаралар бөліп төлеудің бағасы мен көлемін шектеуге емес, қызмет көрсету шарттарын тұтынушыларға түсінікті етуге бағытталған. Өзгерістер әзірленген кезде қызмет көрсетушілердің, сауда орындары мен азаматтардың мүддесі ескеріледі.

Ұлттық банк бірнеше талап енгізуді ұсынып отыр. Біріншіден, бөліп төлеу шартында төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда қолданылатын айыппұл мен өсімпұл мөлшері нақты көрсетілуі керек. Екіншіден, "пайызсыз", "артық төлемсіз" деген жарнамалардың артында жасырын комиссиялар мен қосымша төлемдер болмауға тиіс. Үшіншіден, банктік емес компаниялар арқылы рәсімделген бөліп төлеу міндеттемелері де кредиттік тарихта көрсетілуі мүмкін. Бұл несие берушілерге азаматтың жалпы берешегін ескеріп, оның төлем қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.

Тұрғындардың пікірі екіге бөлінді

Бөліп төлеу нарығына бақылауды күшейту туралы ұсынысқа тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Бірі мұндай қадам азаматтардың шамадан тыс қарыз алуына тосқауыл болады деп есептесе, енді бірі қаржылық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бөліп төлеудің қолжетімділігі төмендеуі мүмкін деп алаңдайды.

"Бақылағаны дұрыс қой. Үсті-үстіне ала берсе, бәрі арестке кіреді. Онда өзімізге проблема", – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір азамат керісінше, мұндай шектеулердің қолайсыздық тудыратынын айтады. Оның пікірінше, қаржылық жағдайы қиындаған кезде бөліп төлеу күнделікті қажеттіліктерді өтеуге көмектеседі. Ал үшінші тұрғын адамның өз шығынын өзі бақылай алуы маңызды екенін, бірақ кейбіреулердің шамадан тыс қарыз алуға бейім екенін жеткізді.

Әзірге Ұлттық банктің ұсыныстары талқылау сатысында. Қандай компанияларға жаңа талаптар қойылатыны және өзгерістердің нақты қашан күшіне енетіні ведомствоаралық келісуден кейін белгілі болады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау