Алматыда екі күн бойы жаңбыр жауып, таулы аудандарда қар түседі

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті.

10 қараша кешке Алматыда басталған жауын-шашын 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасады. "Қазгидромет" болжамынша, қаланың кейбір аудандарында нөсер жаңбыр жауып, жоғарғы бөлігінде жаңбыр қарға ұласуы ықтимал.

Синоптиктердің мәліметінше, жауын-шашынның негізгі бөлігі 11 қарашаға қараған түні түседі. Қала аумағында 20 мм-ге дейін, ал таулы аудандарда 30 мм-ге дейін жауын-шашын болуы мүмкін. Күндіз тағы 5–7 мм жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі ықтимал.

12 қарашаға қараған түні де жаңбыр мен қар жауып, тұман түсуі мүмкін. Қолайсыз ауа райына байланысты Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Су басу қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада жұмылдырылады. Сондай-ақ 415 техника, 97 мотопомпа және құм салынған 2 950 қап дайындалды.

Қаланы күнделікті тазалау және күтіп ұстау жұмыстарына 3 080 жол саласының жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылады.

Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды қолайсыз ауа райында сақ болуға шақырды. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы қашықтықты сақтау және су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қоймау ұсынылады. Сондай-ақ мүмкіндігінше таулы аймақтарға бармаған жөн.

Қатты жел кезінде ағаштардың түбінде, жарнама құрылымдары мен электр желілерінің маңында жүрмеу қажет. Қалалық қызметтер ауа райына байланысты жағдайды бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етеді.

Еске салайық, "Қазгидромет" болжамы бойынша, бүгін Солтүстік циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстанның барлық дерлік аумағына жаңбыр мен қар әкеледі. 
 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау