Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында мүфтияттың шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Медет Құрмашұлының көз тиюге қатысты материалы жарық көрді.
Бұл жазбасында дін маманы көз тиюдің бар екенін шариғат растайтынын жазады.
"Көз тию тек адамға ғана емес, жануарға, егінге, т.б. жанды-жансыз заттарға да әсер етеді. Тіпті кейде адамның көзі өзіне де тиюі мүмкін. Көз тию көбіне адамның бір нәрсеге қатты таңдануы, ұнатуы немесе қызғанышпен қарауы себепті болады. Сондықтан көз тию міндетті түрде біреудің әдейі жамандық ойлауы- нан ғана болады деуге болмайды. Адам бір нәрсеге таңданып қарап, жаман ниеті болмаса да, көз тиюі мүмкін", – деді Медет Құрмашұлы.
Дегенмен, оның жазуынша, Құранда және сахих хадистерде "мына белгі байқалса, адамға міндетті түрде көз тиген" деген нақты белгілер тізімі жоқ. Кейбір ғалымдардың түсіндірулерінде ғана көз тиюге байланысты болуы мүмкін жағдайлар ретінде мынадай белгілер аталады. Олар:
- бұрын болмаған әлсіздік пен делсалдық;
- көңіл-күйдің күрт өзгеруі;
- себепсіз мазасыздық немесе жабырқаулық;
- бас ауруы;
- тәбеттің төмендеуі;
- ұйқының бұзылуы;
- дененің ауырлап, әлсіз сезілуі;
- бұрын жақсы көрген нәрселеріне қызығушылығының төмендеуі;
- себепсіз жылау немесе ашуланшақтық;
- аяқ-қолдың салқындауы;
- иықтың ауырлауы;
- жиі күрсіну;
- ұмытшақтық;
- кеуденің қысылуы;
- кей жағдайда жүрек айну сияқты жайсыздықтар.
"Алайда бұл белгілердің ешқайсысын көз тиюдің нақты дәлелі деп қабылдауға болмайды. Себебі мұндай жағдайлар күйзеліс, ұйқының жеткіліксіздігі, жұқпалы аурулар, қан қысымының өзгеруі, дәрумен тапшылығы және басқа да медициналық немесе психологиялық себептерден туындауы мүмкін. Сондықтан адамның денсаулығында өзгеріс байқалса, оны бірден көз тиюге жорымай, қажет болған жағдайда дәрігерге қаралғаны дұрыс", – деді дін маманы.
Айта кетейік, Ислам көз тиюге қарсы көзмоншақ тағуды құптамайды.
ҚМДБ марқұмдардың бейнесін ЖИ арқылы "тірілтуге" қатысты мәлімдеме жасады
ҚМДБ 2027 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 8 ақпаннан басталады