Шымкентте үш ай бұрын үйінен мәйіті табылған 56 жастағы кәсіпкер әйелдің туыстары оның өліміне азаматтық некедегі жолдасы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Жақындарының айтуынша, марқұм қоштасу хатында өзіне жасалған қысым туралы жазып кеткен. Олар қылмыстық істің қысқартылуына келіспей, Ішкі істер министрлігінен көмек сұрады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Марқұмның әпкесі Гүлжан Нұрбекованың айтуынша, сіңлісі қоштасу хатында өзіне жасалған қысым мен мүлкіне қатысты жағдайларды жазып кеткен. Сондай-ақ туыстары әйелдің денесінен көгерген іздер мен жарақаттарды байқағанын айтады.
"Наркотикалық заттармен әрқашан маған дәрі әкеп беріп жүріп, осындай жағдайға итермелеуі Әлібектің арқасы деп отыр. Сол жерде ол жазған: менің мүлкімді маған оқытпай, қол қойып, сен аударып жібердің деген жазбалары бар. Екінші күні келіп мәйітін жудық. Көргенімізде бүкіл денесі көгерген екен. Тізелерінің бәрі жара", – дейді Гүлжан Нұрбекова.
Марқұмның жақындары оның өлімінен кейін қалған дүние-мүліктің азаматтық некедегі жолдасының қолына өткеніне күмәнмен қарайды. Олар ер адамның есепшоттарын тексеріп, мүлікке қатысты операцияларды тергеуді сұрап отыр.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлайхан Тұрсуманованың айтуынша, іс бойынша осы уақытқа дейін үш тергеуші ауысқан. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қозғалғанымен, кейін қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан қысқартылған.
"Қазіргі таңда үшінші тергеушінің қолында бұл іс. Бұл іс ҚР ҚК 105-бабымен қозғалған. Алайда қылмыстық құрамы жоқ деп қысқартылған. Біздің ойымызша, бұл жерде қылмыстық құрам бар. Сондықтан істі аяғына дейін жеткізіп, тиісті адамдарды жауапкершілікке тартуды сұраймыз", – деді адвокат.
Шымкент қаласының Полиция департаменті әйелдің мәйіті табылғаннан кейін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп, жиналған материалдарға құқықтық баға берілген. Алайда тергеу барысында туыстары келтірген уәждер расталмаған.
Марқұмның жақындары полицияның шешімімен келіспей, Ішкі істер министрлігінен істі қайта қарауға көмектесуді сұрап отыр. Олар тергеу қайта жалғасып, әйелдің өліміне қатысты барлық күмәнді жайт анықталғанын қалайды.
Айта кетейік, Хадиша Нұрбекованың артында азаматтық некедегі жолдасынан туған екі ұлы қалды