Алматыда полиция әлеуметтік желіде жол ережесін бұзған видеосын жариялап, жазадан қорықпайтынын айтқан жүргізушіні тоқтатты. Тексеру кезінде әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Желіде тараған видеода жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және оны тағудан бас тартқаны көрінеді. Бейнежазбадан кейін полиция қызметкерлері әйелдің жеке басын анықтап, көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында оның сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, әйел қайтадан рөлге отырған.
Полиция әйелге бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғады. Атап айтқанда, көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырғаны, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзғаны, сот шешімін орындамағаны және жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Жиналған материалдар сотқа жолданды. Ал автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Бұдан бөлек, көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлікті басқаруға бергені үшін де жауапқа тартылды.
Айта кетейік, Алматыда ақылы тұрақтардың тарифі өзгерді. Енді жүргізушілер көлігін қойған жеріне қарай сағатына 100, 150 немесе 200 теңге төлейді.