The Wall Street Journal (WSJ) басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, Nvidia директорлар кеңесі компанияның бас директоры Дженсен Хуангты қызметінен шеттетуге дайындалып жатқанын хабарлады. Бұған оның некеден тыс екі қарым-қатынасы себеп болған. Олардың бірі компания қызметкерімен, екіншісі Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке ілінген Қытай азаматы әйелмен болған.
Хуангтың қызметінен шеттетілуіне не себеп?
8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлерге жолдаған хатында әйеліне опасыздық жасағанын мойындады. Бұған дейін Nvidia басшысының некеден тыс екі қарым-қатынасы туралы ақпарат тараған еді.
Алғашқы қарым-қатынасы Сингапурдағы деректермен жұмыс істейтін Megaspeed компаниясының басшысы Элис Хуанмен болған. Бұл компания Nvidia-ның ірі клиенттерінің бірі саналады. АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, ол Қытайдың арнайы қызметтерімен жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, Nvidia басшысының компанияның денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де қарым-қатынасы болғаны хабарланды.
Хуангтың кетуі Nvidia үшін нені білдіреді?
Дженсен Хуангтың қызметінен кетуі компания тарихындағы тұтас бір дәуірдің аяқталуын білдіруі мүмкін. Оның басшылығы кезінде Nvidia жасанды интеллект саласындағы жаһандық серпілістің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ал Хуангтың өзі әлемдік геосаясатқа ықпал ететін тұлғалардың қатарына қосылды.
Осылайша, әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі басшысыз қалуы мүмкін. Әзірге Дженсен Хуангтың орнына кім келетіні белгісіз.
WSJ материалы жарияланғаннан кейін Nasdaq биржасында Nvidia акцияларының бағасы 8,6%-ға төмендеген.
Хуангтың Қазақстанға қатысты жоспарлары
23 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дженсен Хуангты қабылдаған болатын. Кездесу барысында Nvidia басшысы Қазақстанды Physical AI, яғни роботтарды, автономды көліктерді және өндірістік процестерді басқаратын жасанды интеллект саласындағы әлемдік хабқа айналдыруды ұсынды.
Мемлекет басшысы кәсіпкерге Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Дженсен Хуангтың басындағы дау: NVIDIA акциялары 4,3 пайызға құлдырады
Nvidia басшысы Дженсен Хуанг жұбайының көзіне шөп салғанын мойындады