Алматыда метроның бірінші желісінің үшінші кезегін салу жұмыстарына байланысты Алатау даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысы өзгереді. Шектеу 13 қарашадан бастап құрылыс аяқталғанға дейін қолданылады.
Қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, метроның №1 бекеті Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналасады.
"Осыған байланысты 13 қарашадан бастап Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Жүргізушілер бұл аумақтан жаңадан салынған айналма жол арқылы өте алады. Қала тұрғындары мен қонақтарына сапар бағытын алдын ала жоспарлап, жол белгілерінің талаптарын сақтау ұсынылды", – делінген хабарламада.
Метроның бірінші желісінің үшінші кезегі аясында ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын аралық тоннельдер мен үш бекет салу жоспарланған.
№2 бекет Алатау даңғылының бойында, болашақ Төле би көшесімен қиылысатын тұста орналасады. Ал №3 бекетті "Барлық" базарының аумағынан салу көзделген.
Бұл жерде метроны автобус бағыттарымен және жеңіл рельсті көлік жүйесімен (LRT) байланыстыратын бірыңғай көлік-ауыстыру торабы құрылады. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерге арналған тұрақ салу жоспарланып отыр.
Еске салайық, Алдағы үш күнде Алматы мен Шымкентте жаңбыр мен қар жауып, тұман түсуі мүмкін.