Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік заңсыз интернет-казиноларға ақша аудару жүйесін ұйымдастырған адамдарға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Тергеу дерегінше, заңсыз операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен, делінген ҚМА хабарламасында.
Күдіктілер өз бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына қаражат аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген.
"Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары болған. Жүргізілген операциялардың жалпы сомасы 191 млрд теңгені, ал комиссиялық сыйақы 286 млн теңгені құраған. Ақшаның нақты қайда аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз атына төлем терминалдары тіркелгенінен бейхабар болған", – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер жалған келісімшарттар жасап, арнайы сайттар арқылы аударылған қаражатты тауарлар мен қызметтердің төлемі ретінде көрсеткен. Кейін ақша шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы жіберілген.
Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Соттың санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.