Қылтима, себезгі, жеделсаты. Президент кей аудармалардың қажеттігіне күмән келтірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайына қатысты. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайына қатысты. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Керісінше, сыйақы, шәкіртақы, ғаламтор сынды аудармалардың кең қолданысын жақсы дүниеге балады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді. 

"Тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған "тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып" сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние", – деді президент. 

Дегенмен, мемлекет басшысы кей аудармалардың сәтсіз екенін де жасырмады. 

"Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, "күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)" және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет", – деді президент.

Осы ретте мемлекет басшысы тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеудің маңызды екенін атап өтіп, құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. 

Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент әкімшілігіне жүктелді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау