Алматыда 14–15 қараша күндері Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Өңір фермерлері мен тауар өндірушілері қалаға 150 тоннадан астам өнім жеткізеді. Бағасы нарықтағы орташа құннан 8–15 пайызға төмен болады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, сауда орындары Шевченко көшесінің бойында, Пушкин және Қонаев көшелерінің аралығында орналасады.
"Жәрмеңкеге келгендер ет және ет өнімдерін, сүт пен балық өнімдерін, бал, күнбағыс майын, шұжық, шай және самырсын жаңғағын сатып ала алады. Шығыс Қазақстанның фермерлері мен өндірушілері өнімдерін тұтынушыларға тікелей сатады", – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді қолдауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз жеткізуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, Ұлттық банк банктік емес компаниялар арқылы рәсімделген бөліп төлеу қарыздарын да кредиттік тарихқа енгізуді ұсынды.