Қаржылық мониторинг агенттігі "Қызыл-Жар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға халықаралық іздеу жариялады. Ол 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды ҚМА.
ҚМА мәліметінше, 2023 жылы "Қызыл-Жар" футбол клубын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
"Тергеу нұсқасы бойынша, Григорий Лория бас бухгалтермен және өзге де адамдармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттар жасаған. Осы құжаттар арқылы бюджеттен бөлінген ақшаны жеке шоттарға аударған деген күдік бар. Бұдан бөлек, бухгалтерлік және салық есептеріне әдейі жалған мәлімет енгізгені айтылады. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген деген болжам бар", – делінген хабарламада.
ҚМА іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы ақпарат білетіндерден ведомствоға хабарласуды сұрады. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70-84-78 (кезекші бөлім).
Еске салайық, Алматыда полиция әлеуметтік желіде жол ережесін бұзған видеосын жариялап, жазадан қорықпайтынын айтқан жүргізушіні тоқтатты.
Григорий Лория 1954 жылғы 18 наурызда туған. Ол Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лорияның әкесі.
Айта кетейік, Давид Лория 2025 жылғы сәуірде Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы болып тағайындалған. Алайда 2026 жылғы 2 маусымда бұл қызметтен кеткен.