Қытай 5 жылда 100 миллион робот шығаруды жоспарлап отыр

Қытай 5 жылда 100 миллион робот шығаруды жоспарлап отыр. Фото: Depositphotos.com
Қытай 5 жылда 100 миллион робот шығаруды жоспарлап отыр. Фото: Depositphotos.com
Сучжоу қаласында роботтар өндірісте адамдарды жаппай алмастырып жатыр.

Қытай алдағы бес жылда 100 миллион робот шығаруды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектіні тиімді пайдаланған көрші ел AI технологиясын ақылды құрылғыларға да енгізуде. Күнделікті тұрмыстан бастап өндіріске дейін роботтар адамдарды алмастырып жатыр және бұл көрсеткіш жыл сайын арта бермек. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасының тілшісі Сымбат Ғалымбекұлы Қытайдың инновациялық орталығы саналатын Сучжоу қаласына барған іссапары аясында хабарлады. 

Сучжоу тарихы терең, мәдениеті бай 13 миллионнан астам адам тұратын қала. Шаһарда Қытайдың технологиялық әлеуетін танытатын ірі инновациялық-индустриялық орталықтар орналасқан. 

Шанхайдың іргесіндегі қала "Шығыс Венециясы" деп те аталады. Шаһардағы су арналары, өзен-көлдері, көне үйлері, иілген шатырлы дәстүрлі ғимараттары мен саябақтары Сучжоуда сәулет мұрасы сақталғанын аңғартады. 

Сучжоу инновациялық орталығында мамандар роботтарды түрлі заттарды тану, сұрыптау, кедергілерді айналып өту сынды тапсырмаларды өз бетінше орындауға үйретеді. Сондай-ақ, мамандар роботтардың ақпараттарды талдау және соған сай әрекет ету дағдыларын дамытады. Ары қарай дәл осы құлтемірлер өндіріс, қызмет көрсету, логистика және басқа да салаларда нақты жұмысшылардың орнын басады. 

Орталықта күнделікті тұрмыста үй жинайтын, қоқыс төгетін, бассейн тазалайтын, ән айтып, би билейтін роботтар да жаттығады. Ұстаздан білім алатын оқушы сияқты әр құрылғы өзіне жүктелген іс-қимылды қызметкерлердің басқаруымен қайталап, әбден машықтанады. Бағдарламасы дайын болғанға дейін бірнеше ай кетуі мүмкін. Қоғамдық қауіпсіздікті бақылап, полицейлердің жұмысын жеңілдететін робот-иттер де осы жерде үйретіледі. 

"Алдағы бес жылда 100 миллионнан астам робот құрастырып шығаратын жоспарымыз бар. Олар тапсырманы жылдам әрі сапалы орындап, өндіріс тиімділігін арттырады. Қазірдің өзінде роботтарымыз кәсіпорындар мен қоймаларда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр", – дейді Сучжоу жоғары технологиялық орталығының директоры Лю Ян Вей. 

Сучжоуда жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып жатқан ірі технологиялық компаниялардың бірі – AI Speech. Мұнда адамның дауысын танып, тапсырманы орындайтын интеллектуалды жүйелер әзірлейді. Бұл технологиялар AI арқылы жетілдіріп, көліктерге, тұрмыстық техника мен роботтарға орнатылған. 

"Мысал ретінде айтсам, сіз көлікте отырып дауысыңызбен қонақ үйді брондау керектігін айтасыз. Ақылды жүйе бірден орындайды. Кеңседе өткен жиындарда сарапшылардың айтқанын планшетке толық түсіріп береді. Керек десеңіз жоспар құрып, маңызды деген тұсын жазады. Роботтар сұраққа жауап беріп, эмоцияңызды да тани алады", – деді AI SPEECH компаниясының қызметкері Мин Чуан Ли. 

Бұл компания жасанды интеллектінің көмегімен дауысты тану жүйесін мопедке де енгізген. Қос дөңгелекті көлікте отырған адам назарын жолдан алмай, телефонды қолданбай-ақ дауыспен тапсырма береді. Керек ақпараты дәл осы сенсорда шығады. 

Ал API компаниясы жасанды интеллектпен жабдықталған ақылды көзілдіріктерді шығаруға ден қойған. Бұл көзілдіріктердің басты артықшылығы дауыс арқылы айтқан тапсырмаңызды көз алдыңыздағы шағын экранға шығарады. Мәселен, интернеттен ақпарат іздеуге, шет тіліндегі мәтінді аударуға, тіпті ютубтан видеоларды көруге болады. 

"Компания ақылды көзілдіріктердің екі түрін әзірлейді. Біріншісін тұрғындар күнделікті өмірде қолданады. Ал екінші түрі кәсіби мамандарға арналып жасалған. Олар жұмыс барысында қажетті ақпаратты жедел алуға, күрделі тапсырмаларды орындауға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді", – деді API компаниясының өкілі Цин Уей. 

Жасанды интеллект пен озық технологиялар дәуірінде халықаралық серіктестіктің де маңызы зор. Қытайдың бұл бағыттағы тәжірибесі Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны анық.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау