Қазақстанда бизнес субъектілеріне берілген кредит көлемі бір жылда 14,2 пайызға өсіп, 16,4 трлн теңгеге жетті. Әсіресе шағын және орта бизнесті несиелеу қарқыны артқан. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, кредит портфеліндегі ең жоғары өсім шағын және орта бизнес сегменттерінде тіркелген. Атап айтқанда, шағын бизнеске берілген несие көлемі 24,8 пайызға, ал орта бизнеске берілген кредит 15,4 пайызға артқан. Ұзақ мерзімді несиелеу де қарқын алған. Бір жылдан астам мерзімге берілген кредиттер 15,2 пайызға өссе, қысқа мерзімді несиелердің көлемі 12,1 пайызға ұлғайған. Қазір ұзақ мерзімді кредиттердің бизнеске берілген жалпы қарыздағы үлесі 70,7 пайызға жетті.
2026 жылғы тамызда соңғы 12 айда бизнеске жаңадан берілген кредит көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,9 пайызға артқан. Өсім ірі, орта және шағын бизнес сегменттерінің бәрінде байқалған.
Банктерді бизнесті несиелеуге ынталандыратын шаралар қабылданған
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банктер қаражатты қайда бағыттау керегін шешкенде мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін ғана емес, қарыз алушылардың төлем қабілетін, кредиттік тәуекелдерді және қаржыландыру мерзімін де ескереді.
Оның сөзінше, бизнесті несиелеуді ынталандыру үшін бірқатар реттеушілік және салықтық шара қабылданған. Атап айтқанда, мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін кірістерге салық кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ал бизнесті кредиттеуден түсетін кірістерге корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 20 пайыз болып белгіленген. Банктердің өзге қызмет бағыттарынан түсетін кірістеріне 25 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
Сонымен қатар Ұлттық банк ең төменгі резервтік талаптарды жетілдіріп, жеке тұлғаларға берілетін кредиттер бойынша 2 пайыздық секторлық контрциклдік капитал буферін енгізген.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шаралар банктердің қаражатын экономиканың нақты секторына бағыттауға және кәсіпкерлер үшін кредит алуды қолжетімді етуге арналған.