Алматы халықаралық әуежайының аумағында құрылыс жұмыстары кезінде мердігер ұйымның бір қызметкері қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, әуежайдың Көліктегі полиция басқармасы еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан адам өліміне әкелу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі оқиғаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында болғанын растады. Қаза тапқан адам мердігер ұйымның қызметкері болған. Әуежай өкілдері уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, тергеу аясында сұралған барлық ақпаратты беруге дайын екенін мәлімдеді.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, Алматыда 13 жылдан астам уақыт бойы тұрғындар мен қала қонақтарына әуежай бағытында түнгі қоғамдық көлік қызмет көрсетіп келеді. Осы орайда, "Алматыэлектротранс" ЖШС шаһар жұртшылығына 2013 жылдан бері үзіліссіз қатынайтын №3 түнгі автобус бағыты туралы еске салды.