Мемлекет басшысы БҰҰ-ның ресми тілдерімен жалғайтын екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Ақорда. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуы қажет.
"Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, "Қазақ тілі" қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді", – деді президент.
Осы ретте ол қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасауды, ал қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартуды ұсынды. Сондай-ақ сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толықтырып отыру керек.
Сонымен қатар президент қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
"Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ. Тарихи деректер мен мысалдар жеткілікті, мәселен – парсы, француз тілдерінің тарихы, ал қазіргі дәуірде ағылшын тілі бірінші қатарға шықты. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі аса маңызды. Университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша назар аударуы қажет", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тілдегі бірізділік мәселесін де тілге тиек етті. Қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүргенін атап өтеп, бұл мәселені жылы жауып қоя салуға болмайтынын айтты.
"Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн. Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді. Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ. Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады", – деді президент.
Мемлекет басшысы бұл жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Тоқаев ұлт мәдениетін жаһан жұртына дәріптеп жүрген қазақтарды атады. Олар кімдер