Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Күмәнді табысты заңдастыруға қатысты жаза күшейеді

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Қазақстан 100-ден астам қаржы пирамидасын жойды.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, агенттіктің осыдан бес жыл бұрын құрылғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін бірқатар жағдай жасалған. Кадрлық құрам күшейіп, материалдық-техникалық база жақсарған, жалақы көтеріліп, баспана мәселесі шешілген.

"Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталды. Қазақстан Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтіп, 2023 жылдан бері "Эгмонт" тобы аясында Еуразия аймағының мүддесін қорғап келеді.

Президенттің айтуынша, елімізде 20 ірі криптобиржамен серіктестік орнатылып, блокчейн-талдаумен айналысатын "Криптон" арнайы бөлімшесі ашылған. Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы осындай құрылым. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленіп, олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асқаны анықталған. Сондай-ақ 80-нен астам қылмыстық топ құрықталып, 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылған.

Президеттің айтуынша, заңсыз жолмен табылған табыс мемлекетке қайтарылуға тиіс.

"Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді", – деді мемлекет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары