Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы Жастар хабы ашылды

Фото: Қазақстандағы ЮНИСЕФ
Фото: Қазақстандағы ЮНИСЕФ
Хабта жастар өзекті әлеуметтік тақырыптар бойынша білім алып, медиаконтент жасап, экологиялық акцияларға қатыса алады.

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында Қазақстандағы ЮНИСЕФ республикадағы алғашқы Жастар хабын іске қосты. 

Бұл хаб жастардың білім алуына, әлеуметтік жобалар жасауына және балалардың құқықтарын қорғау мен жергілікті қоғамдастықтарды дамытуға бағытталған волонтерлік бастамаларға қатысуына мүмкіндік беретін заманауи кеңістік болмақ. 

Қор өкілдерінің айтуынша, алғашқы хабты ашу үшін Шымкент тектен-тек таңдалмаған. Қазақстанда жастардың (14-34 жас) үлесі жалпы халықтың шамамен 28%-ын құрайтын болса, Шымкентте халықтың орташа жасы 27,8 жасқа тең. Бұл – ел бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

"Шымкент – жастар әлеуеті айқын қала. Біз осында ЮНИСЕФ-тің алғашқы хабын ашып, жастардың білім алып, дамуына және өз қаласының өміріне үлес қосуына мүмкіндік беретін кеңістік құрғанымызға қуаныштымыз", – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы, доктор Рашед Мұстафа Сарвар.

Фото: Қазақстандағы ЮНИСЕФ

Хабтың ашылу рәсімінде ЮНИСЕФ пен университет арасында Шымкенттің жас тұрғындарына арналған жаңа кеңістіктің іске қосылуын бекітетін әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Хабта жастар өзекті әлеуметтік тақырыптар бойынша білім алып, медиаконтент жасап, экологиялық акцияларға қатыса алады, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің өмірін жақсартуға бағытталған өз бастамаларын әзірлеп, жобаларын жүзеге асыра алады. Хаб құрылымы оқу аймақтарын, топтық жұмыс кеңістіктерін және білім беру контентін жасауға арналған медиа-студияны қамтиды. Олардың барлығы техникамен, сондай-ақ бала құқықтары, көшбасшылық, экология және менталдық денсаулық бойынша материалдармен және әдебиеттермен жабдықталған.

"Шымкенттегі хабтың ашылуы жастар волонтерлігін дамытуға жаңа серпін береді. Осы күні қатысушылар интерактивті сессияларға, бала құқықтары бойынша квиз-ойынға және әрбір бала үшін қауіпсіз орта құрудағы жастардың рөлін талқылауға қатысып үлгерді. ЮНИСЕФ мұндай кеңістіктер белсенді жастар үшін маңызды тартылыс орталығына айналып, өз қоғамдастығын өзгертуге және балалардың құқықтарын қорғауға дайын жас көшбасшылар буынын қалыптастыруға көмектесетінін атап өтеді. Хаб тек серіктес университеттің студенттеріне ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларына, басқа жоғары оқу орындарының студенттеріне және жас мамандарға, яғни қаланың 16-35 жас аралығындағы барлық жастарына ашық", – делінген қор таратқан хабарламада. 

Серіктестер жаңалықтары