Chery ЮНИСЕФ-тің әлем бойынша білім беру бағдарламаларына 6 миллион доллар бөледі

Фото: Chery International
Фото: Chery International
Компанияның қаржылай көмегі Қытай, Мексика, Оңтүстік Африка, Түркия, Индонезия және Вьетнам сынды бірқатар елде білім беру бағдарламаларын қолдауға бағытталады.

Қытайдың Уху қаласында өткен Chery 2025 халықаралық саммитінің аясында Chery тобы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ балалар қоры екеуара білім беру саласындағы жаһандық серіктестікті әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді.

2023 жылы компания балалар қорына білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 6 миллион АҚШ долларын бөлген болса, биыл тағы да дәл осы мөлшерде қаржылай көмек көрсететінін жария етіп, өзара серіктестікті 2028 жылға дейін ұзартты. Chery көмегі алдағы үш жылда әлемдегі қолдауға мұқтаж балалардың сапалы білім алуына және олардың өмірін өзгертуге жұмсалады.

Фото: Chery International

ЮНИСЕФ қорының бағалауынша, бүкіл әлем бойынша жүздеген миллион бала әлі күнге дейін сапалы білім алуға қол жеткізе алмай отыр. Ал 600 миллионнан астам баланың оқу және математикалық сауаттылығы өте төмен деңгейде. Мұндай жағдай, әсіресе, саяси және әскери қақтығыстар белең алған, табиғи апаттардың немесе кедейліктің зардабын шеккен өңірлерде ушығып отыр. 

Осы орайда 2023 жылдан бері Chery компаниялар тобының қолдауымен ЮНИСЕФ балалар қоры 40 миллионға жуық бала мен жасөспірімді сапалы біліммен қамтамасыз етсе, олардың ішінде 17 миллионы төтенше жағдай аумақтарында өмір сүріп жатыр. Компанияның 6 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жаңа көмегі осы қолдауды күшейтуге және кеңейтуге бағытталған.

"Chery компаниялар тобы қай кезде де өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін жоғары қояды. Біз автокөлік өндіріп қана қоймаймыз, сонымен бірге жаһандық тұрақты дамуға да белсенді қатысамыз. Біздің ЮНИСЕФ қорымен соңғы екі жылдағы әріптестігіміздің арқасында жаһандық білім беруді қолдау қажеттігіне деген сенімімізді күшейтті. Бұл маңызды серіктестікті жалғастыра отырып, Chery түрлі саладағы компаниялармен бірге жұмыс істеп, барынша әлеуметтік инклюзивті болашақты құруға талпынады", – деді Chery тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Yin Tongyue. 

Chery тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Yin Tongyue

Өз кезегінде ЮНИСЕФ қорының Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірлік кеңсесі директорының орынбасары Myo-Zin Nyunt меценат компанияның инновацияларға, әлеуметтік жауапкершілікке және жаһандық өзара ықпалдастыққа асқан жауаптылықпен қарайтыны расымен де зор қуанышқа бөлейтінін атап өтті. 

"Біз серіктестігімізді әрі қарай тереңдетіп, әлем бойынша балаларға жаңа мүмкіндіктер ашатын сәтті тағатсыздана күтеміз. ЮНИСЕФ қорының және миллиондаған балалардың атынан бізге артқан сенім мен адал ниетті қолдау үшін алғыс айтамыз. Біз бірге әрбір бала үшін жарқын да әділетті болашақ құрамыз", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Co-Create & Co-Define: Chery қолданушыларының 2025 жылғы халықаралық саммиті қалай өтті


ЮНИСЕФ қорының Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірлік кеңсесі директорының орынбасары Myo-Zin Nyunt

Қор өкілінің айтуынша, Chery қолдауымен ЮНИСЕФ Қытай, Мексика, Оңтүстік Африка, Түркиядағы жұмыстарын жалғастырып, Вьетнам мен Индонезияда да балаларға сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы шараларды бастайды. Айта кетейік, бұған дейін атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге ие. 

Мәселен, Мексикада қостілділік сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар аясында жүздеген бала мен мұғалім қажетті оқу материалдарына ие болып дайындықтан өтті. Нәтижесінде қостілді сауаттылық деңгейін 17,9 пайызға артқан. 

Ал Түркияда Chery 2023 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін мектепке дейінгі білім беру жүйесін қалпына келтіруге көмек көрсетіп, 9 өңірдегі 25 мың баланың сапалы білім алуына жағдай жасады. 

Оңтүстік Африка елдерінде компанияның қаржылау көмегі бағдарламалау мен робот техникасы бойынша ұлттық бағдарламаны енгізуге жұмсалды. 

Қытайда Chery педагогтерге ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау дағдыларын үйретіп, инклюзивті білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысты. Бүгінде оның нәтижесінде 1700-ге жуық балабақша мен мектепте 1,1 миллионнан астам балаға 133 мыңнан астам педагог сапалы әрі инклюзивті білім беріп жатыр. 

Фото: Chery International

Айта кетейік, ЮНИСЕФ қорымен бірге білім беру саласын қолдау – Chery компаниялар тобының тұрақты дамуының бір бағыты ғана. Компания тұрақты даму қағидаларын жыл өткен сайын өзінің стратегиясы мен операциялық қызметіне тереңдетіп енгізіп келеді. Олардың ішінде экология мен қоршаған ортаға қамқорлық – тағы бір маңызды бағыттардың бірі. Оның аясында компания биыл үшінші жыл қатарынан "Ride Green Life" аталатын веложарыс өткізді. Оған Chery 2025 халықаралық саммитіне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 3 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында қазақстандық қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының да өкілдері болды. 

Фото: Chery International

Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі – ол Қытай велоспорт қауымдастығының ресми сертификатына ие болып, China Cycling Conference жарыстар жүйесіне ресми түрде енді. Бұл "Ride Green Life" веложарысының ұлттық экологиялық шара ретінде мемлекет деңгейінде мойындалғанын растайды.  


Оқи отырыңыз: Ұшатын көлік, робот және жасыл энергия. Chery-дің заманауи трендтері қандай


Фото: Chery International

9 шақырымдық жарыс жолы Янцзы өзенінің бойымен өріліп, шеңбер жасай тұйықталды. Қатысушылардың бәрі сөреге сергек жетті. Оларды марапаттауға Chery компаниясының инновациялық өнімдері – Chery AiMOGA Robotics жобасының Argos робот иттері көмектесті. Мұндай экологиялық бастама мен робот технологиясының үйлесімі – табиғат пен жоғары технологиялардың жарасымдылығының символына айналды. 

Фото: Chery International

"Ride Green Life – Chery компаниясының, міне, бірнеше жылдан бері игі дәстүріне айналып үлгерген қайырымдылық шарасы. Биыл оның ауқымы да кеңейіп, форматы да түрленді. Біз Ride Green Life веложарысын ықпалды, экологиялық, қоғамдық кампанияға айналдырып біздің ортақ үйіміз – Жер планетасы тұрғындарының бәрін жасыл идея астында біріктіруді мақсат етеміз", – деді Chery тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Yin Tongyue. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары