
Қазақстанда балалар демалысы саласында қызмет ететін кәсіпкерлер саны бір жылда 50 пайыз азайған. Оған тексерулер мен жаңа стандарттардың енгізілуі себеп. 2,5 айдан тұратын бір жұмыс маусымына рұқсат қағаздарын алуға кәсіпкер 1,2 миллион теңге жұмсайды. Бұл туралы ҚР балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының басшысы Қайрат Сұлтанов "Атамекен" ҰКП жиналысында айтты.
Қазіргі таңда Қазақстанда жыл бойы жұмыс істейтін 17 лагерь бар болса, маусымдық лагерьлердің саны 150-ден астам. Үкімет 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалар лагерьлерінің қызметін лицензиялауды жоспарлап отыр. Бұл талап жыл бойы жұмыс істейтін, маусымдық және білім берумен айналысатын лагерьлердің бәріне қойылады.
"Жыл сайын балаларға білім беретін, олардың демалысын ұйымдастыратын мекемелерге қойылатын талаптар қатаңдап келеді. Бұл өте қиын әрі жауапты сала", – деді "Атамекен" ҰКП басқарушы директоры – туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.
Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысында сауна аумағында ұйымдастырылған балалар лагері анықталғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі балалардың қауіпсіздігіне қатысты қойылатын талаптарды күшейтті.
Оқи отырыңыз: Балалардың жазғы демалысы: Ұлытау облысында бірде-бір қала сыртындағы лагерь жоқ