Астанада Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидисті ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Іс-шара барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр басшысы Никос Христодулидис бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін екі ел президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Кипр арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың оң динамикасын атап өтіп, бірқатар маңызды жетістіктерге тоқталды.
"2019 жылы Сыртқы істер министрі ретінде Қазақстанға сапарлап, Еуропа Одағындағы Қазақстанның сенімді серіктесі болуға дайын екеніңізді айтқан едіңіз. Содан бері бірқатар нақты нәтижеге қол жеткіздік. Екі ел астаналарында елшіліктер ашылды, тікелей әуе рейсі іске қосылды және өзге де жобалар жүзеге асты", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге әлеует бар екенін айтып, бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенін жеткізді.
Кипр Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға алғашқы тікелей рейспен іскерлік делегациямен бірге келгеніне қуанышты екенін атап өтті.
"Бүгінгі сапарға ерекше мән беремін. Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ Қазақстан Еуропа Одағы үшін маңызды серіктес. Сондықтан өзара ықпалдастықты дамыту бағыттарын талқылауға әзірмін", – деді Кипр президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.