Қазақстан мен Кипр арасындағы әуе қатынасы кеңейе түсті. 2 маусымнан бастап Астанадан Ларнакаға тікелей рейстер ашылса, 4 маусымнан бастап дәл осындай бағыт Алматыдан да іске қосылады, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Air Astana әуе компаниясы 2 маусымнан бастап "Астана – Ларнака" бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындауға кірісті. Ал 4 маусымнан бастап "Алматы – Ларнака" бағыты бойынша да жолаушылар тасымалы басталады.
Жаңа бағыттар бойынша рейстер аптасына екі рет орындалады. Ұшулар ұзақ қашықтыққа арналған заманауи Airbus A321LR әуе кемелерімен жүзеге асырылады. Ларнака – Кипрдің ең танымал туристік бағыттарының бірі. Жаңа рейстер қазақстандық туристердің Жерорта теңізі жағалауындағы курорттарға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, тікелей әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туристік ағынды көбейтіп қана қоймай, іскерлік байланыстар мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына да оң әсер етеді.
Сонымен қатар жаңа бағыт Қазақстан мен Кипр арасындағы көлік байланысын нығайтып, саяхат уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.